Президент Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

10.09.2024

«Иелігіндегі жерге жылына 2-3 рет қана келіп, табысты жинап алып кететін, өздері Алматыда немесе тіпті шет елде тұратын кәсіпкерлер бізге керек емес». Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді. Әрі шаруашылық пен өндірісте қызмет ететін жұмысшы мамандарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы аймақтағы қандай нысандарды аралады? Данияр Қайыртайдың материалында.

Жаңа шойын құю зауытына 30 робот орнатылған

«КамЛитКЗ» – Қостанайдың индустриялық аймағындағы шойын құятын жаңа зауыт. Мұнда жүк көліктерінің қозғалтқышына арналған қосалқы бөлшектер шығарылады. Президент алдымен осы кәсіпорынды аралады.
 Данияр Қайыртай, тілші:
Бұл шойын құятын зауытта өндіріс процесі барынша автоматтандырылған. Міне мынандай 30 робот жұмыс істейді. Осылайша мұнда жыл сайын көлік өндірісіне арналған 45 мың тонна құйма өнім шығарылмақ.
Мұқағали Төлегенов, «KamLitKZ» зауытының жабдықтарға қызмет көрсету бойынша шебері:
Роботтар қиын жұмыстарды жасайды. Адамның күші жетпейтін, автоматика жұмыстары, роботехника жұмыстарын Кука-роботы арқылы жұмыс жасаймыз. Бұның тиімділігі – жылдамдығында, кейін адам құсап шаршап демалу жоқ, 12 сағат бойы, 24 сағат бойы да жұмыс жасай алады.
Кәсіпорын құны 78 млрд теңгеден асады. 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысы жас инженерлермен әңгіме кезінде кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Әрі Жолдауда келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын жеткізді. Артынша Президент жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңбасын қалдырды.

Салынып жатқан КІА зауытында жылына 70 мың көлік өндірілмек

Данияр Қайыртай, тілші:

КІА көлік компаниясы алғаш рет отанынан тысқары жерде зауыт салып жатыр. Құрылыс былтыр күзде басталған. Қадасы қағылып, бетон құйылып қойды. Қазір металл конструкциясы, яғни қаңқасы құрастырылып жатыр. Аумағы 70 гектарды алатын зауыт алдағы жазда іске қосылады деп жоспарланған.

Ким Де Ки, KIA Qazaqstan бас директоры:
Алғашқы жылы 3 мың автомобиль шығарамыз. Кейін жыл сайын 70 мың көлік өндіру көзделіп отыр. Бастапқыда 3 модель шығарылады. Кейін кеңейе түсеміз.
Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба құны – 200 миллион доллар. Оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.
Президент: Иелігіндегі жерге жылына 2-3 рет қана келетін кәсіпкерлер бізге керек емес

Қостанай индустриялық қуатымен ғана ерекшеленбейді. Бұл – алдымен астықты өлке. Биыл диқандар 5 млн гектарға егін еккен. Президент алқапты аралаған соң ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Әлбетте, өз жерін тиімді игеріп отырған кәсіпкерлерді біз қолдаймыз. Ал иелігіндегі жерге жылына 2-3 рет қана келіп, табысты жинап алып кететін, өздері Алматыда немесе тіпті шет елде тұратын кәсіпкерлер бізге керек емес. Ол жеріне ие болып, ауылдастарының тұрмысын жөндеуге атсалысуы керек.
Манат Карбозов, «Сыма-К» ШҚ директоры:
Біздің шаруашылығымыз ет бағытында жұмыс жасайды. Ангус тұқымды ірі қара малдың селекциялық жұмыстарымен айналысамыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда мал басын үш есе арттырдық. Қазір 1,5 мың бас ірі қара өсіріп отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет тарапынан біз қолдау көрсетеміз. Биыл егін бітік. Ауа райы қолайсыздығына байланысты неше түрлі қиындықтар бар. Бәріміз бір халық болып, бір ұжым болып барлық қиыншылақтарды, міндетті түрде, еңсереміз деп ойлаймын.
8 айда 1 мың трактор, 300 комбайн шығарылды
Ауыл шаруашылығы өркен жаюы үшін техника паркін жаңартқан маңызды. Кей дерек бойынша елдегі техниканың 80 пайызы тозған. Ал осы өңірде шаруаға қажет дөңгелекті машиналар мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт бар. Биылғы 8 айдың өзінде мұнда 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған. Жыл сайын 250 мыңға жуық бөлшек өндіріледі.
Әлібек Құсайынов, Agromash зауытының вице-президенті:
Ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектерді шығаруға ғана емес және де жалпы машина жасау саласына арналған компоненттерді шығару үшін осы локализация орталығы ашылған. 100-ден астам жаңа жабдықтарды сатып алдық.
Локализация орталығы Германияның брендтерінен тапсырыс алып, келісімшартқа отырған. Енді мұнда дән себу және бүрку қондырғылары да өндіріле бастайды. Зауытта қазір 700 адам еңбек етеді. Соның бірі – 23 жастағы Жандос Қабдіраш.
Жандос Қабдіраш, токарь:
Мен 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Колледжді бітіріп, әскерден кейін осы «Агромаш» зауытына жұмысқа орналастым. Сәтбаев индустриалдық колледжінде оқыдым. Өзімнің мамандығым токарлық іс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі жылды Жұмысшы мамандар жылы деп жариялағанымды білесіздер. Сіздерді қаржылай әрі моральдық жағынан қолдаймыз. Себебі сіздер сияқты мамандар елге керек.
Президент Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды
Данияр Қайыртай, тілші:
Қостанай – Қазақстанның индустриялық астанасы ретінде құлашын кеңге жайып келеді. Тіпті елдің автоөндіріс орталығы деген бейресми аты да бар. Мұнда машина жасау ісі өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан дами бастаған. Қазір өңір халқының көп бөлігі осы салада жұмыс істейді. Жергілікті зауыттарда жиған білігінің арқасында қаншама инженерлер легі қалыптасып үлгерді. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің де айтқаны сол еді: «Өнер-білім бәрі де, Оқуменен табылған...».

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу