Осы Париж Олимпиадасын көруге 15 млн-ға жуық турист барған. Ал сатылған билет саны 10 млн-ға жетіп жығылады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейін 1996 жылы Атлантада өткен ойындар кезінде 8 миллионнан астам билет сатылған еді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Париж... Махаббат қаласы, жарық шамдар шаһары. 2000 жылдан астам тарихы бар бұл әсем қаланы әркім әртүрлі суреттейді. Мұнда жыл сайын миллиондаған турист келеді. Оған себеп не?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Парижде біршама туристік орын бар. Соның ең негізгілерінің бірі – Эйфель мұнарасы. Былтыр мұнараға 7 млн-ға жуық турист шыққан. Париждің символы саналатын нысанға шығу құны 22 еуродан басталады. Бірақ арман биігіне көтерілу үшін бірнеше сағат кезек күтуге тура келеді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Туристердің тағы бір сүйікті орны – Лувр музейі. Кезінде патша резиденциясы қызметін атқарған ғимарат 8 негізгі коллекцияға бөлінген. Атап айтсақ, аумағы 210 000 шаршы метрден асатын нысанда көне Египет, көне шығыс, Грекия мен Рим мәдениетімен таныса аласыз. Сондай-ақ орта ғасырларға жататын мүсіндер мен ең үздік суретшілердің картиналарын тамашалауға болады. Айта кету керек, Парижде бұдан басқа тағы 150-ге жуық музей бар.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Париждің қақ ортасында орналасқан мына Салтанат қақпасы да туристер арасында өте танымал. Мәселен, былтыр бұл нысанға 2 млн-ға жуық адам келген. Қақпаның үстіне шықсаңыз, қаланың керемет көрінісіне куә боласыз. Туристті баурап алатын тағы бір орын, ол, әрине, Сена өзенінің жағалауы. Міне, осының бәрін бойына сыйдырып отырған Париждің қазір бәсі биік. Төрткүл дүние көз тігіп отырған Олимпиада ойындары тарихи өлкенің көрігін одан әрі қыздыра түскендей. Дүбірлі доданы тамашалау үшін бірі ұшақ, пойызбен, енді бірі көлікпен, тағы біреулері велосипедпен, тіпті жаяу жеткендері де бар.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Парижде Олимпиада ойындарының өтуіне байланысты биыл туристермен қатар әлемнің біршама елінен волонтерлер де ағылған. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жазғы ойындарға қатысып жатқан делегация өкілдеріне 40 мыңнан астам волонтер қолқабыс етіп жүр. Ал Франция билігі дүбірлі дода барысында қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 46 мемлекеттен 2000-ға жуық сақшы алдыртқан. Қазір қалада тәртіпті қадағалауға 80 мыңға жуық маман жауапты. Той-думанның ордасына айналған көне Париждің қазіргі қым-қуыт тіршілігі осындай.
Нұрсұлтан Тілектес