Қазақстан мен Ұлыбритания ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновацияларды ынталандыру бағытында біріге әрекет етпек. Лондонда қос елдің ғалымдары кездесіп, әріптестік құру мүмкіндіктерін қарастырды.
Корольдік инженерлік академиясы жанындағы Enterprise Hub кәсіпкерлік орталығы табыс тапқысы келетін инженерлерді қолдаумен айналысады. Он жылдан астам уақыттан бері ол стартап идеяларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға көмектесіп жүр.
Ана Авалиани, Корольдік инженерлік академиясы кәсіпкерлік орталығының директоры:
Бүгін біз ғылымды коммерцияландыру, білім беру, кәсіпкерлік және инновациялық экожүйені кеңейту бойынша өз тәжірибемізбен бөлістік. Қазақстандағы экожүйе туралы да білгіміз келеді.
Қазақстандық «Ғылым қоры» венчурлық қаржыландыру, акселерация, бизнес-инкубациямен айналысуға білек сыбана кіріспек. Ғылымды елдің индустриялық қажеттілігіне бағыттау үшін халықаралық тәжірибеге сүйенуді көздеп отыр.
Камиль Ақатов, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:
Жоғарғы оқу орындарының да тәжірибесі қызықты. Өйткені университеттерінде акселерациялық бағдарламалар мен бизнес-инкубаторлар дамыған. Венчурлық капиталмен де тікелей жұмыс істейді.
Қор қызметкерлері салаға қатысы бар бірқатар жергілікті министрліктердің өкілдерімен де кездесті. Ұлыбритания университеттері қауымдастығымен басқосу барысында екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды.
Марина Бекенова