Биыл Қазақстан ШЫҰ-дан басқа бес халықаралық ұйымға төрағалық етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстан ШЫҰ-дан басқа бес халықаралық ұйымға төрағалық етіп отыр

03.07.2024

Биыл Қазақстан ШЫҰ басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етеді. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарт ұйымы сияқты белді халықаралық институттар бар. Әлемдік саясатта айтары бар мұндай беделді ұйымдарға бір мезгілде төрағалық ету ел тарихында бұрын болмаған. Бұл жылдар бойғы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан қазақ дипломатиясының табысы дейді халықаралық сарапшылар.

Қазақстан сыртқы саясатта әрдайым бейбітшілік пен ынтымақтастыққа бейіл. Сондықтан да болар әлемдегі түрлі даулы мәселелер талай рет Астана төрінде шешім тапқаны белгілі. Ұлттық мүддені сақтай отырып, түрлі елдермен тиімді қарым-қатынас орнату қазақ дипломатиясының ерекшелігі дейді түркиялық сарапшылар.

Хасан Үнал, Малтепе университеті Саясаттану және халықаралық байланыстар бөлімінің профессоры:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі дипломат болғандықтан барлық бастамаларын байыбына бара отырып, өте сауатты жасауда. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға сенімін арттырып, аймақтағы ролін күшейтері сөзсіз. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінің Қазақстанда өтуі соның бір айғағы. Жалпы Қазақстан қай халықаралық ұйымға басшылық етсе де әрдайым тың бастамалар көтеріп, ынтымақтастық орнату мәселесіне баса мән береді.
Қазақстанда биыл бірнеше халықаралық шара өтеді. Солардың бірегейі - Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Бұл соңғы жылдарда жоғары деңгейде өткен аса маңызды халықаралық форумдардың бірі деуге болады. Бұл жиынға оннан аса мемлекет басшысы, ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, БҰҰ Бас хатшысының қатысуы саммиттің салмағын айқындайды.

Дмитрий Журавлев, РФ Аймақтық мәселелер институтының қызметкері, сарапшы:
Қазақстан халықаралық аренада абыройға ие. Барлық тарап әрқашан сыйластықпен қарайды. Бұл-жаһан жұртының алдындағы қазақстандық бастамалардың, дипломатиялық жұмыстың жемісі. Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ мемлекеттері саясаткерлерінің ішінде - ең тәжірибелі дипломат. Тіпті мықты саясаткерлердің өзі сіздің президенттен үлгі алады. Сондықтан да Қазақстан ұйымға төрағалық еткен кезде ұйым деңгейі бірнеше сатыға өсті, жұмысы ілгеріледі.
Көп жылдан бері аймақтық даму және теңсіздік, саяси орталықсыздандыру сияқты маңызды мәселелерді зерттеп жүрген Лондон экономика және саясаттану мектебі университетінің кафедра меңгерушісі Андрес Родригез-Позенің пікірінше осы саммит аясында өтетін келіссөздердің нәтижесінде жаһандық күрделі мәселелер шешімін табады.

Андрес Родригез-Позе, ғалым:
Геосаяси және экономикалық қысым күшейіп тұрған уақытта мұндай жиындардың берері көп. Өзекті проблемалар дамуымызға кері ықпалын тигізіп, әлем халқының әл-ауқатына әсер етіп отыр. Саммит шиеленістердің шешімін табудың және диалог орнатудың маңызды құралы бола алады.
Геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған кезде Қазақстан көршілес елдермен тиімді стратегиялық байланыс орната білді. Осы ретте қазақ жеріне бесінші мәрте келген Қытай лидері Си Цзиньпиннің өзі: «Мен зор үміт артып отырған алдағы сапар жаңа Қазақстанның жетістіктері мен бүгінгі келбетіне сүйініп қарап, тамсануға ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылап, ШЫҰ-н әрі қарай дамытудың және қытай-қазақ қарым-қатынасының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Айдос Әшімұлы
Марина Бекенова
Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу