Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласындағы ынтымақтастықты арттыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласындағы ынтымақтастықты арттыруда

28.06.2024

Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласындағы ынтымақтастықты арттырып келеді. Оның бір дәлелі біздің мамандар ойлап тапқан стартап жоба көрші елдегі емдеу мекемесіне орнатылып, көптеген науқасқа көмегін тигізіп жатыр. Ал туабітті сал ауруына шалдыққан қазақстандық балалардың Өзбекстанда тегін емделуге мүмкіндігі бар.

Қазақстандық жас ғалымдар ойлап тапқан жасанды интеллект ми тамырындағы ауру ошағын бірден анықтайды. Диагностикада таптырмайтын жаңашылдықтың көмегімен елде мыңдаған адам сырқатын дер кезінде біліп, уақытылы ем алып ауруынан айыққан. Енді оның иігілігін өзбек ағайын да көреді.

Меруерт Сайфуллақызы, Жасанды интеллект жобасының медициналық жетекшісі:

Инсульт -бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бұл дерттен зардап шегетіндер өте көп, және жас-кәрі деп бөлінбейді. Қимыл-қозғалыстың аздығы, шектен тыс салмақ пен қоршаған ортаның ластығы, темекі мен алкоголь науқастар қатарының артуына әкеп соқтырып отыр.

Кең таралған инсульт дерті үкім емес, дер кезінде тиісті ем шаралар қолданса, адам ауруынан айығады дейді мамандар. Диагнозды жылдам анықтайтын радиологиялық бағдарлама Ташкенттегі емханалардың біріне орнатылып, бүгінде жұмысын жолға қойып келеді. Ал инсульттан кейінгі орындағы қатерлі ісік аурулары бойынша заманауи емдеу тәсілдері қолға алынған.

Гайрат Кариев, Өзбекстанның бас нейрохирургы:

Шетелдік мамандармен бірлесіп, жаңа технологиялар мен әдістерді тәжірибеде қолданып келеміз. Соның бірі балалардағы мидың қатерлі ісігі. Көзге кері әсер ететін сырқатты тамыр арқылы препарат жібере отырып емдеп, көру қабілетін сақтап қалу тәсілі енгізілді.

Ал туабітті сал ауруына шалдыққан қазақстандық балалардың Өзбек елінде тегін ем алуға мүмкіндігі бар. Өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуді көздеген шараның игілігін Шымкент қаласы, Түркістан мен Қызылорда облысындағы науқас бүлдіршіндер көре алады. Өзбекстан тарапы ем үшін ай сайын тұрақты квота бөледі. Қажет құжаттарды рәсімдеу денсаулық сақтау басқармалары арқылы жүзеге асады.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу