Қазақстан темір жолы дефолтқа ұшырауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжіліс қатырғасында Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мәлімдеді. Әлихан Смайылов жол саласына жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады. Онда темір жол мен тас жолдарға қатысты түрлі заңбұзушылықтар көп. Қаржының дұрыс игерілмеуінен бастап, жолдағы былықтар туралы айтылды. Ал депутаттар болса, Қазақстан темір жолы басқарма төрағасының Парламентке келуін талап етіп, саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын да айтты.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы тартысқа толы. Бұған себеп - жол саласына жүргізілген аудиттің қорытындысы. Соны жария еткен Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Қазақстан темір жолының жағдайы өте мүшкіл деді. Қарызы 2 триллион 900 миллиард теңгеден асып кеткен. Темір жол инфрақұрылымын жақсартуға соңғы төрт жылда 2 триллион теңге бөлінгенімен жағдай мәз емес. Жол, локамотивтер мен вагондар әбден ескірген. Тіпті былтыр пойыздар жалпы алғанда 412 сағатқа кешіккен. Бұлай жалғасса, ұлттық компания дефолтқа ұшырауы мүмкін, - дейді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген.
Смайылов темір жол саласындағы былықты жария еткені сол еді, депутат Сайыров былай деп сұрақ қойды.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құрметті Әлихан Асханұлы жаңа өзіңіз айттыңыз, бүгінгі күні ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы өте мүшкіл. Енді шынын айту керек ол жағдай сіз Премьер-министр болып тұрған кезде ушығып кетті. Сондықтан бір «сыпайы» сұрақ қояйын. Сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар?
Әлихан Смайылов жауабын қысқа қайырды. Айтуынша сол кезде тиісті жұмыстар жасалған. Бірақ жөнді нәтиже бермеген. Ал ҚТЖ компаниясының өкілі, қарызға батуларының себебін темір жол салып, вокзалдарды жөндеуге, жаңа вагондарды сатып алуға кетіп жатқан шығындармен байланыстырды. Енді берешектен құтылу үшін тарифтерді көтермек. Бірақ жолаушылар билеті емес, транзиттік жүк тасымалы қымбаттайды.
Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
24 пайыз осы үш жылдың ішінде көтеруге тиіспіз. Міне биыл екі рет көтердік тарифті. Енді тағыда қағаздарды бердік құжаттарды. Оны тиісті мекеме қарап жатыр. Оны да көтеретін шығармыз.
Көлік жолы да жұрттың жүйкесін жұқартты дейді депутаттар. Аудит қорытындысына сай, қазір елдегі 25 мың шақырым жолдың 70 пайызы ғана жүруге жарамды. Қалғаны шұрық тесік. Қарағанды-Алматы, Қалбатау-Майқапшағай сияқты трассалардың құрылысы да сағызша созылды. Әлі басталмай жатқаны қаншама.
Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қызылорда-Жезқазған тас жолының жырын бірінші шақырылым депутаты Мұхаммед Көпеев ағамыз айтқан. Қазір сегізінші шақырылым. Осы жол проблемасын 15 шақырылым депутаты айтып отыра ма деп қауіптенемін.
Құрылыстың созылуына жауапсыз компаниялар кінәлі дейді Көлік министрі. «Қазір бәрі дұрыс. Бір-екі жылда жұрт тақтайдай жолмен жүреді» деп сендіріп отыр. Ал жолдардың бұзылуына шамадан көп жүк тиейтін машиналар себеп. Министрлік олармен былай күреспек.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Жолға залал келтіріп отырған ол ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Бізде 25 мың шақырымға небары 18 ғана өлшеу құралы бар. Яғни жүкті өлшейтін арнайы камералар. Біздің ендігі мақсатымыз осындай тағы 220 камера яғни өлшеу станцияларын республика бойынша орнатамыз. Биылдың өзінде 20 орнатамыз.
Осылайша саладағы түйткіл үш сағат талқыланды. Десе де темір жолға қатысты әлі сұрақ көп.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгін біз тыңдап отырмыз көлік саласын, соның ішінде ҚТЖ саласында проблема көп. Бірақ мына жерде президенті жоқ. Сауранбаев деген кім ол? Неге келмейді мында? Өмірі келген емес. Үш жыл болды Парламентте жүргеніме. Қайта-қайта осы мәселе көтеріледі. Сауранбаев келмейді. Не қылған адам ол?
Досжан Маратұлы, тілші:
Бүгін Мәжіліске келген орынбасарының айтуынша Қазақстан темір жолының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Қытайда іс-сапармен жүр екен. Сондықтан оның күзде жаңа сессия кезінде Парламентке келуін талап етті. Сондықтан жол жыры әлі бітпегенге ұқсайды.
Досжан Маратұлы