«Оян қазақ» телехикаясы Қазақтан ғана емес, шетелдік кинотанушыларды да таңқалдырған феномен болды. Бұл белгілі кинотанушы, америкалық профессор Питер Роллбергтің пікірі. Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасы арнайы онлайн конференция өткізді. Мамандар киноның көрерменді баулап алу себебіне үңілді.
«Оян қазақ! телевизиядағы Қазақстан тарихы». Осындай тақырыппен өткен жиынға кинотанушылармен қатар Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды зерттеп жүрген ғалымдар да қатысты. Қазақ киносының 100 жылдық тарихын саралап, кітап жазған Питер Роллберг «Ахмет. Ұлт ұстазы» мен «Міржақып, Оян Қазақ» туындыларының көрерменге айрықша әсер етуінің басты себебі, шынайы оқиға, тарихи фактілерге негізделуі дейді. Кинотанушының айтуынша, режиссер Мұрат Есжан бастаған шығармашылық топ деректерді өте тыянақты зерттеп сахналай алды. Яғни, большевиктік режимге балама ретінде көзі ашық, лайықты тұлғалардың болғанын шебер көрсете білуі көрерменді бей-жай қалдырмады.
Питер Роллберг, Джордж Вашингтон Университетінің славян тілдері, кинотану, халықаралық істер профессоры:
«Мені ерекше таң қалдырғаны жастардың ұстаздардың өмірі туралы туындыларды бар ынта-ықыласымен тамашалауы. Ахмет те Міржақып та өте заманауи әрі ұлтжанды ағартушы болғаны рас. Әрбір адам мейлі ол бай не кедей болсын, қалада не ауылды жерде тұрсын білім алуы тиіс деп білді. Енді жастардың олар туралы фильмді алты сағат тапжылмай көруі мұндай ұлт зиялыларына деген құрмет пен сұраныстың көрінісі.»
«Болашақ» бағдарламасының 500 ғалым жобасы аясында Америкада зерттеу жүргізіп жатқан Қарлыға Мысаева Ұлттық арнаның телехикаяны киноға айналдырып, кинотеатрлардан көрсетуі ұтымды шешім болды дейді. Көрермен назарын күрт аударды, көріп, шабыттанып рухтанды. Маман екі сериалдың көрерменге қалай әсер еткенін білу үшін әлеуметтік желіде жарияланған 14 мыңға жуық пікірді саралап шыққан. Жағымды, жағымсыз және бейтарап ұстанымдағы жазбаларды сандық және сапалық тұрғыдан салыстырған. Нәтижесінде көрерменнің басым бөлігінің жағымды ой айтқаны анықталса, жағымсыз пікір қалдырғандар саны тіпті екі пайызға да жетпеген.
Қарлыға Мысаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика кафедрасының доценті:
«Басында мен жағымсыз пікірлер көп болады деп ойладым. Себебі пікір десе негізінде жағымсыз пікірлер өте көп болады. Бірақ жағымсыз пікірдің аз болуы біріншіден, шынайылықты дұрыс бере білуі. Яғни, тарихты фактімен беруі. Екіншіден, актерлердің керемет ойнауы. Яғни, көрермен кинодан шынайы өмірді көрді. Сондықтан шынайы пікір білдірді.»
Жағымсыз жазбалардағы жалпы трендтің өзі тарихтан сабақ алу керектігіне саяды. Яғни, өзге бір елге, ұлтқа не тілге жек көрушілікті қоздыру емес, негізінен өткенімізді ұмытпай, барымызды бағалай білейік деген пікірлер, - дейді зерттеуші. Демек, санасы азат, жаңа көзқарасты ұрпақ қалыптасып келеді. Ал кинотанушы Питер Роллбергтің сөзінше, жастардың азаттық жолында ажал құшқан ұлт зиялыларын үлгі тұтуы тек қуантарлық тенденция ғана емес әрі елдің баянды болашағы үшін маңызды. Сондықтан ғалым жас буынға көмескі тартқан тарихты танытуда тек оқу бағдарламасымен ғана шектелмей, осындай кино туындыларды да тұрақты шығарып тұру аса қажет екенін айтады.
Жалғас Сәдібекұлы