Заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекет кірісіне тағы да 235 млрд теңге өндірмек. Оның 230 млрд-ы ақшалай түрде Қаржы министрлігінің шотына аударылмақ. Ал қалған сомаға пара-пар жер телімдері, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың акциялары мен Алматыдағы әкімшілік ғимарат мемлекет меншігіне өтеді. Негізі жыл басынан бері премьер Олжас Бектенов төрағалық ететін осы Комиссия 325 млрд теңгеден астам соманың активтерін қайтарыпты. Оның ішінде ақшалай қаражат, 13 мың гектар жер, тарихи-мәдени мұра заттары, қымбат зергерлік бұйымдар бар.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия мүшесі:
Ол қалай заңсыз активтерді табады? Ол шетелдік ақпараттарды, біздің құқық қорғау органдарының ақпараттары, жай азаматтардың, БАҚ-тың, соларды алып келіп, олар күдік болса, сол күдікті тексеріп, ары қарай бізге комиссия дегенге жібереді. «Комиссия, қолдайсыздар ма?». Бәрі өз пікірін айтып, мысалы, кейде біреу өзінің керегі жоқ активтерін, құтылғысы келетін активтерін бергісі келеді. Жоқ, ондай өтпейді. Мынаның ішінде профессионалдар отыр. Біліп отыр. Финансистер де бар.
Заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың енді бір жолы – қаражатты ел экономикасына қайта инвестициялау. Бұл шара заңда солай жазылған. Осы тетік бойынша жалпы құны 28 млрд тг болатын инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасалмақ.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия мүшесі:
Еуропада 5-10 жыл үстінен іс қозғай алады. Ал бізде 15 жыл. Жауапкершілікке қылмыстық жағынан тарта алмайсың ананы. Бірақ бүкіл дүниежүзінде осылай: сен дәлелдей алмасаң қайдан мына мүлікті алдың, ақшаны алдың, онда мемлекет тартып алады. Еуропада, Америкада. Біз де сол принципті мына заңға қосып отырмыз.