Марк Рютте Нидерланд мемлекетінің 2010 жылдан бері премьер-министрі. Сол жылы біздің мемлекетке келген, сосын 2015 жылы. Осы аптада тағы келді. Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және су ресурстарын басқару салаларындағы идеялар мен әзірлемелерімізді бөлісуге дайынбыз деген. «Тенгринюс» порталына берген сұхбатын оқып шықтық. Пайдалы қазбалар бойынша, сонымен бірге Philips, Heineken сияқты компаниялардың линиясы бойынша ынтымақтастыққа тоқталған. Голланд іскер адамдарының қызығушылығы туралы айтқан. Және... халықаралық мәселелерді талқыладық деген. Қ.Тоқаевты «Ол тек Қазақстанның жетекшісі емес, әлемдегі ықпалды саясаткер» деп сипаттаған. Мысалға Сингапурдағы сөзін келтіріп, әсері үлкен деп бағалаған. Онда президент орта державалар, әлемдегі қауіпсіздік архитектурасы жайлы пікірін білдіргені мәлім. Марк Рютте «Қазақстан аймақта баланс сақтау ролін ойнайды» дей келе, біздің Президентпен оңаша бетпе бет отырып, аймақтың (әрине, Орталық Азияны айтып тұр) орнын, дамуын қалай көретінін талқылағанына тоқталған.
Бұл осы сапардың ең маңызды тармағы сияқты. Болып жатқан соғысқа байланысты, әлемдегі қауіпсіздік мәселесі «қырғи-қабақ соғысынан» бетер ушығып барады. Біреудің басында ол соғысты тоқтататын қылаудай ой жоқ екені күннен күнге айқын көрінеді.
Бұл жазықсыз адамдардың қырылу трагедиясынан бастап әлем елдерінің мәмілеге келіп бейбіт өмір сүруі, халықаралық келісімдердің сақталуы сияқты базалық ережелердің күл-талқанын шығарып отыр. Өте, өте қауіпті жағдай...
Еуропа мемлекетінің 14 жыл премьер-министрі болып отырған тәжірибелі саясаткері Марк Рюттенің Қазақстанға келіп, лидерімен халықаралық мәселелерді талқыладық дегені соғыстың сұмдық лаңы мен зардаптарына және біздің тараптың оны еліміз үшін мейлінше минималды етудегі әрекеттерінің бір сәтке тоқтамайтынына нұсқайды...
Жаңа айтқандай, Рюттенің сапары аясында су ресурстарын басқаруда ынтымақтастық бойынша келісімге қол қойылған. Нидерланд су басу қаупі жоғары мемлекет. 19-ғасырдың соңынан 20 ғасырдың соңына дейін бір ғасыр бойы су басудан қорғайтын бірнеше жобаны іске асырған. Нәтижесінде дамбалардың ұзындығы 3 500 шақырымды құрайды. Сонымен бірге дүлей дауыл кезінде алапат суға кедергі келтіретін технологиясы күрделі алып понтондар салған.