Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапарының бірінші күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапарының бірінші күні

23.05.2024

Елімізде сингапурлық кәсіпорын көбейеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары кезінде құны 250 миллион доллардан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Үкіметаралық алты құжат бекітіліп, түрлі саладағы ынтымақ арта түсті. Оңтүстік шығыс Азия еліне жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы Сингапур президентімен және өзге де жоғары лауазым иелерімен кездесіп, келіссөз өткізді. Бизнес форумда сөз сөйлеп, инвесторларды Қазақстанға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев – Сингапурдың барлық 4 премьерімен кездескен әлемдегі бірнеше ғана басшының бірі. Әлемдік БАҚ осылай жазып жатыр.

Сингапур - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін таңсық емес. 1970 жылдары Кеңес одағының дипломаты ретінде еңбек жолын осы жерден бастаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де келіп жүрді. Десе де, Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапары. Алыстан келген әріптесін Тарман Шанмугаратнам Истана сарайының алдында салтанатты түрде қарсы алды.

Екі елдің әнұрандары шырқалып, құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабында қолтаңба қалдырды, Сингапурдың делегация мүшелерімен қол алысты. Президентімен естелік суретке түсті.

Бұдан соң тараптар келіссөз өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, Сингапурға Қазақстан Президенті ретінде келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санаймыз. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты.

Инвестиция ғана емес, сауда көлемі де артып келеді. Былтыр тауарайналымы 1 миллиард 800 миллион долларға жетті. Оның басым бөлігі яғни, бір миллиард 700 миллионнан астамы – экспорт. Қалғаны импорт. Енді бұл сандарды еселеу міндеті тұр. Сол үшін тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларды дамыту жайын талқылады.

Сан саладағы байланысты арттыру жайын президент Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен де кездесіп, талқылады. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін айтып, өзінің Сингапурға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдірді. Кейін маңызды құжаттар бекітілді.

Досжан Маратұлы, тілші:
Президент сапары аясында Үкіметаралық алты құжатқа қол қойылды. Оның негізгісі экономика саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі екі ел басшыларының қатысумен осы жерде өтеді. Құжаттардың тізімін мен жариялаймын.

Құжаттардың бірі ғылым, білім саласына қатысты. Оған сай енді су тапшылығы, тасқын сияқты мәселелердің алдын алатын гидротехник, ирригатор сияқты тапшы мамандар Сингапурда білімін шыңдайды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Су саласында су қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару зерттеулерді күшейту бірігіп, екінші – болашақ бағдарламасының аясында ғылыми тағлымдамаға біздің жетекші ғалымдарымызды жіберіп оқыту, үшіншісі – техникалық кадрларды даярлау әдістемелерін Сингапурдан Қазақстанға енгізу.

Бұдан соң, Қазақстан-Сингапур кәсіпкерлерінің қатысумен бизнес форум өтті. Құны 250 миллион доллар болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Соның бірі Қазақстан темір жолы мен сингапурлық логистикалық компания арасындағы келісім. Құжатқа сай, Алматыда үлкен логистикалық орталық салынбақ. Тағы бір компания елімізде кәсіпорын ашып, астықты терең өңдеу ісімен айналысуды көздеп отыр.

Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының төрағасы:
Қазақстан жыл сайын 17-18 млн тонна астық жинайды. Соның 5-6 тоннасын экспорттаймыз. Сол астықты арзанға сатқанша, оны терең өңдейтін кешендер салған дұрыс. Сингапурлық компания астықтан 200 түрлі өнім шығармақ. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, салықтық түсімдерді арттыра түспек.

Ержан Елекеевтің айтуынша, сингапурлықтар бұл жобаға бекер қызығып отырған жоқ. Қазақстанның бір миллиардтан астам халқы бар Қытаймен шектесетінін біледі. Зауыт салып, сол нарықты жаулауды көздеп отыр дейді. Ал бизнес форумға қатысқан Мемлекет басшысы Қазақстан Сингапурмен энергетика, аса маңызды шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, қаржы технологиясы, агротехнология, логистика және байланыс секілді негізгі салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеп, инвесторларды елімізге қаржы құюға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз.

Президент биотехнология, медицина салаларында да серіктестікті арттыруға болады деді. Айтуынша, Қазақстан мен Сингапурдың алшақтығы байланысты тежеп келді. Десе де тараптар бірлесіп Транскаспий көлік дәлізін цифрландырып, дамытып келеді. Енді алыс-берісті арттыруға басымдық беру керек деді Президент. Мәселен, қазір аумағы Астанадай ғана Сингапурдың қазба байлығы жоқ. Су мен құмға дейін көршілерінен алып отыр. Енді шикізат қажет болса, Қазақстанға арқа сүйеуге болады. Бірақ бірлесіп өндіруге, өңдеуге басымдық берген дұрыс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2040 жылға қарай сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артатынын ескере отырып, шамамен барланбаған 5000 кен орны бар Қазақстан осы әлеуетті бірлесе дамыту үшін сенімді серіктес бола алады. Біз Қазақстандағы мыс және фосфат кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отырған Indorama компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға үлкен үміт артамыз.

Осылайша бизнес форумда бас аяғы 11 құжат бекітілді. Енді Форбс тізіміне кіретін Сингапурдың миллиардерлерін Қазақстанға шақыру көзделген. Өйткені инвесторлар тарапынан қызығушылық артып келеді. Сондықтан қарымта бизнес форумды бізде өткізу жоспарланған. Ал Мемлекет басшысының сапары жалғасады. Президенттің жұмыс кестесі ертең де тығыз.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу