Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға мемлекеттік сапармен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға мемлекеттік сапармен барады

22.05.2024

Президент мемлекеттік сапармен Сингапурға барады. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың президентімен және өзге де жоғары саяси лауазым иелерімен кездеседі деп жоспарланған. Әрі Қазақстан-Сингапур бизнес форумына қатысады деп күтіліп отыр. Сингапур - Оңтүстік Шығыс Азиядағы қала, арал, әрі мемлекет. Ел аумағы өте шағын Астанадай ғана болғанымен, әлемдегі - ең бай елдердің бірі. 6 миллиондай ғана халқы бар. ЖІӨ 500 миллиард долларға жуық. Жан басына шаққанда 67 мың доллардан асады. Бұл біздегі көрсеткіштен 6 еседей көп.
Досжан Маратұлы, тілші:
50 жылда ел жаңа деген тіркес дәл осы Сингапурға айтылғандай. Өйткені жарты ғасырдан астам уақыт бұрын мына жерде ештеңе жоқ еді. Қазір алдыңғы қатарлы озық ел. Экономикалық серпіліс жасап, аз уақытта дамыған елдердің қатарына қосылды.
Оның үстіне Сингапур – ең ірі қаржы орталықтарының бірі. Қаржылық ұйымдардың көптігі жағынанГонконгты басып озып, Лондон мен Нью-Йорктен кейін үшінші орында тұр. Ғылымдағы жетістігін тиімді пайдаланып, өндіріс саласын да қашаннан жолға қойған. Мұнай өңдейді, электронды құрылғылар мен химиялық, фармацевтикалық препараттарды шығарады. Қазақстанмен қарым-қатынасы жыл сайын артып, сауда көлемі ұлғайып келеді. Инвестиция көлемі де артып жатыр.
Мәселен қазір Қазақстанда сингапурлық 140-тан астам компания жұмыс істейді. 2010-2023 жылдар аралығында тартылған инвестиция көлемі 1 миллиард 400 миллион доллардан асады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға жасайтын мемлекеттік сапары бұл сандарды еселей түседі дейді сарапшылар.
Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
Сингапур біз білетіндей әлемнің жетекші технологиялық, инновациялық логистика тұрғысынан алсақ та жетекші елі, хабы болып табылады. Сондықтан да Сингапурдың тәжірибесі сандық технология, ақылды қалалардағы тәжірибесі Қазақстанға бірден бір мысал бола алады. Сондықтан да мемлекет басшысының Сингапурға сапары Қазақстан мен Сингапур арасындағы ғана емес, Қазақстан мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы ынтымақтастық дамуына үлкен серпін бермек.
Сингапурдан бізге керегі инвестиция мен инновация. Қаржы саласында да біраз келісімдер болады деп күтіліп отыр. Ал Сингапурдың бізде қандай мүддесі бар? Қазақстан көптеген Азия елдері үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес, батысқа шығатын қақпа. Тауарын Қытай, Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалдайды. Сол үшін Қазақстан мен Сингапур бірлесіп, Транскаспий көлік дәлізін дамытып жатыр.
Ен Ви Тан, GlobaL DTC компаниясының бас директоры:
Біздің компания Транскаспий көлік дәлізін цифрландырумен айналысады. Қазір біздің жүйе Қазақстан және Әзербайжан темір жолдарымен интеграцияланған. Грузия және Қытайдың жүйесімен біріктіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүк тасымалын ғана емес, дәліздің маңызын да арттыра түседі.
Сингапурда қазба байлық жоқ. Тіпті құм мен суды да көршілерінен алып отыр. Сондықтан шикізатқа зәру. Яғни бұл бағытта байланысты арттыруға әлеует бар. Мұның бәрі енді алдағы күндері талқыланбақ. Ал Мемлекет басшысының Сингапурға жасайтын сапары үш күнге созылмақ.
Досжан Маратұлы, тілші:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың борты біраз бұрын Чанги әуежайына қонды. Ертең Мемлекет басшысы Сингапур президентімен кездесіп, келіссөз өткізбек. Маңызды құжаттарға да қол қойылады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Сингапур және қазақ кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес форум өтеді деп жоспарланған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу