Батыс Қазақстан облысында тасқын су көлтабандарға жіберіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында тасқын су көлтабандарға жіберіліп жатыр

24.04.2024

Су - тіршілік көзі. Батыс Қазақстан облысында тасқын су ауыл шаруашылығы мақсатында көлтабандарға жіберіліп жатыр. Өңірдегі су қоймалары 86%-ға толды. Өткен жолы Жайықтан түскен мол суды алып қалу жайын айтқан едік. Енді Қараөзен арқылы да сай-сала мол ырысқа кенелді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Қараөзен бойындағы Айдархан су қоймасындамыз. Бұл жерде секундына 30 текше метрден су келіп жатыр. Ресейден жіберілетін мол су әрі қарай көлтабандарға жайылады.

Бұл - Еділдің сағасы Қараөзеннің арнасы. Биыл бұл трансшекаралық өзенге де Жайық секілді рекордты көрсеткіште су келді. Ай басында Ресейден секундына 560 текше метрден су жіберілді. Салыстыра айтсақ, бұған дейін судың келуі 15 текше метрден астпайтын. Әрі облыс жылда тіршілік нәрін көрші елден 5-6 млрд теңгеге сатып алатын. Енді, міне, тегін ырыздыққа жергілікті тұрғындар риза боп отыр.

Еркебұлан Нәжімғалиев, ауыл тұрғыны:

Көптен келіп тұрған су. Осы дамбаға келіп тірелді. Судың келгені халыққа да жақсы. Өзіміз мал асырайтын болғасын, малға да тиімді. Балығымыз келеді, құсымыз келеді. Мына жерде Қопа деген көліміз бар. Барлығы да суға толды.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша, мұндай тасқын су соңғы 30 жылдан бері келмеген. Арнасы құрғап, аңқасы кеуіп қалған сай-сала ризыққа толды. Шабындық пен жайылым да жайқалатын болды. Төрт түлікпен табыс көзін айырған халық үшін су - ен байлық.

Оралбай Өміров, ауыл тұрғыны:

Су - тіршілік нәрі. Жақсы келіп жатыр, жылдағыға қарағанда. Тек ретімен, сәтімен келгей. 1994 жылы тасқын су болды. Мынау сонда соғылған дамбылар. Техникамен, халық күшімен алып қалды. Биыл да ауызбіршілікпен ауылдың азаматтары барынша дамбы соғып, бөгеп, жұмыс істедік.

Ауданында жалпы ұзындығы - 427 шақырым канал мен 112 су қақпасы бар. «ҚазСуШар» мекемесінің көмегімен арналардың түбі тереңдетіліп, қамыстан тазартылып жатыр. Алайда, ондаған гидротехникалық қақпа ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әрі жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Түйіткілді мәселелер жайлы тиісті ұсыныс Су министрлігіне жолданды.

Алпамыс Көшкінбаев, Жаңақала ауданының әкімі:

Аудан бойынша 48 мың га көлтабан болса, былтыр соның 22 мың гектарына су шығарылып, мал азығын дайындауға үлкен көмегін тигізген болатын. Қазір Айдархан жүйесіндегі және Көшім өзені бойында орналасқан лимандарға су шығарылып жатыр. Аудандағы өзен бойындағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Көктемгі тасқында Қараөзен мен Сарыөзенге 428 млн текше метр су алынды. Қос өзеннің арнасы тап бұлай 1994 жылы толған. Осылайша Еділ мен Жайықтың суы ондаған канал мен қойманы берекеге толтырып, соңында Қамыс Самар жайылмасына жиналып, тіршілікке жан бітіреді.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу