Тасқыннан зардап шеккендер отбасыларға қосымша 550 млн теңгеге дейін төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккендер отбасыларға қосымша 550 млн теңгеге дейін төленеді

23.04.2024

Жайық өзенінен төнетін қауіп әлі де сейілмей тұр. Ресейдің Иректі қоймасынан жіберілген су Жайықтың деңгейін көтеріп, жағдайды күрделендіруде. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов бүгінгі Үкімет отырысында осылай деді. Ал өзге өңірлерде жағдай тұрақталып, қызыл судың беті қайта бастаған.

Республика бойынша ең көп зардап шеккен Петропавл қаласы мен Құлсары. Тұрғын үйлер әлі топан су астында тұр. Сондықтан бұл жерлерде әзірге шығын көлемін есептеу де мүмкін емес. Жалпы ел бойынша қазір 5 мыңнан астам үй әлі суда тұр.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

Бүгінгі таңда 5000-нан астам тұрғын үй, 16 000-нан астам саяжай, 1000 аула және 91 ғимарат су астында қалып отыр. 10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында олар алынды.

Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді Бұл өңірлерде зардап шеккендерге өтемақы төлеу және жаңа баспана салу жұмыстары басталып кеткен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Кеше мен тиісті қаулыға қол қойдым. Қазіргі уақытта 11 000-ға жуық 100 АЕК көлемінде төлем алды. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін төлейтін боламыз. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығыны өтеледі. Азаматтарымызға айтатыным, сабырлық сақтаңыздар. Ешкім көмексіз қалмайды.

Жаңадан салынатын әр тұрғын үйге мемлекеттен 22 млн теңге бөлінеді. Дегенмен бұл баспанадан бас тартып, нарықтан қалаған үйді сатып алу құқығы да берілген. Мұндай жағдайда қаржы тұрғындардың қолына берілмейді. Сондай-ақ, су шайған үйден басқа нысандар мемлекет тарапынан қалпына келтірілмейді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Төтенше жағдайлар заңы бойынша біз тек баспанамен қамтамасыз ететін боламыз. Ол заң бойынша. Бірақ, қораларды қайтіп тұрғызбаймыз. Себебі біздің ең басты мақсатымыз – баспанамен қамтамасыз ету.

Үкімет басшысы жауапты министрліктер мен әкімдіктерге қауіп сейілмеген аумақтарда жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Қажет болған жағдайда тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялау қажет екенін тағы бір еске салды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу