Ғалымдар болжамы: биыл қуаңшылық болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдар болжамы: биыл қуаңшылық болуы мүмкін

19.04.2024

Қарғын су жердің құнарлы топырағын шайып кетті. Ғалым Қанат Ақшалов осылай деді. Егін шаруашылығына мұның әсері қандай? Тасқынның салдарымен диқандар қалай күреспек? Әріптесім Динара Жарқынбек жауап іздеді.

Ақмола облысында дәнді дақылдарды егу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Шарулар биыл құрғақшылықтан қауіптеніп отыр.

Сұңғат Қайрушев, фермер:

Еріген қар суы егін алқаптарында қалып, жерге сіңуі керек еді. Бірақ қызыл су топыраққа сіңбеді. Енді біз құрғақшылық бола ма деп қауіптеніп отырмыз. Барынша алдын алу шараларын жасап жатырмыз.
Ғалым Қанат Ақшаловтың пайымы да осыған ұқсас. Айтуынша, тасқын жердің құнарлы топырағын шайып кеткен.

Қанат Ақшалов, А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі, ғалым:

Соңғы бірнеше жылдықта тәжірибе көрсетті. Қуаңшылық жиі болып кетті. Нақты ешкім қуаңшылық болады деп, не болмайды деп айта алмайды. Егер де болып жатса, одан аман шығу жолдарын қарастырып, талқылап жатырмыз. Кешегі су тасқынының жер құнарлығына зардабы болады. Бізде жер қабаттарын зерттейтін ғалымдар өте аз.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев болса, алдағы 2 жыл қатарынан құрғақшылық болмайды деді. Бірақ егістік маусымы қысқа болуы мүмкін деп отыр.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Жалпы, биыл технология ерекше болады. Меніңше биыл егістік сезон өте қысқа болу керек. Сондықтан қазір техниканың бәрін дайындауымыз керек. Өмірде де заңдылық бар, 2 жыл қатарынан қуаңшылық болмау керек. Менің үмітім биыл енді қолайлы болады.
Бұған дейін Қазгидромет, Төтенше жағдай мамандары мамырдан бастап ауа температурасы 40 градусқа дейін ысиды деп болжамдарын жариялаған болытын. Ауыл шаруашылығы қауымдастығы күн ысып кетсе, фермерлер тамшылатып суғаратын техникамен қамтылу керек немесе су қорын жинау дұрыс дейді.

Ақпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

Әрине, биыл маусым айы ыстық болуы мүмкін. Жалпы жаз бойы қуаңшылық, құрғақшылық болады деп нақты ешкім айта алмайды. Бізде жалпы 1,4 млн суармалы жер болса, оның 15-20 пайызында ғана ылғалды үнемдеу технологиялары пайдаланылады. Өйткені, ол жүйенің барлығы, ол техниканың бәрі шетелдікі болғаннан кейін өте қымбат.
Ауыл шаруашылығы министрілігі бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Экологтар ауыл шаруышылығына жауапты мамандар мен құзырлы министрліктер жұмыла жұмыс істеу керек деп топшылайды. Алдын алған жағдайда ғана шығын көп болмайды дейді.

Хабарламаларға жазылу