Қырғызстан президенті ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстан президенті ресми сапармен келді

19.04.2024

Қазақ-қырғыз арасындағы алыс-беріс былтыр 26 пайыз өсіп, 1,5 млрд долларға жеткен. Тараптар бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясындағы келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дерек келтірді. Ол межеге жету үшін Қазақстан 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға да әзір. Сапар аясында президенттер екі ел арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы келісімге де қол қойды. Делегация мүшелері тағы қандай құжаттар бекітті? Тілші материалында.

Құрмет қарауылы. Әскери оркестр. Көк кілем. Ақорда мәртебелі мейманын күтіп алуға дайын. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен келіп отыр. Тараптар алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Кейін протоколға сай, Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Осыдан тура 3 жыл бұрын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз президенті бұл жолы ресми сапар жасап отыр. Қазір екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, саяси және экономикалық қарым-қатынастың мән-жайын талқылауға бара жатыр.

«Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ». Президент сөзін ел ауызындағы осы тұжырымнан бастады. Бұл бауырластық, әсіресе, қиын-қыстау кездері анық көрінеді. Мемлекет басшысы елдегі тасқынға ең бірінші болып өз бастамасымен гуманитарлық көмек көрсеткені үшін көрші елдің президенті мен халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан және Қырғызстан бауырлас елдер. Біз тату-тәтті көршіміз. Салты мен тарихы тамырлас, достығы жарасқан халықтармыз. Әрдайым бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, жетістіктеріміз үшін қуанамыз.

Осының арқасында қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 26 пайыз өсіп, 1 жарым млрд долларға жеткен. Ендігі меже – 2 млрд доллар. КСМ: Бұл мақсатқа аз уақытта жетуге болатынын Президент артынша брифингіде де айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар.

Саяси-экономикалық ықпалдастық мәдени-гуманитарлық байланыстармен де сабақтасып отыр. Содан болар, Қырғыз президенті Қазақстанды «ең жақын көршіміз», «сыртқы саясатымызды ерекше артықшылықтарға ие бауырлас мемлекет», «негізгі сауда серіктесіміз» деп сипаттады.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз.

Бұдан соң президенттер Жоғары Мемлекетаралық кеңестің алтыншы отырысына қатысты. Бұл жиын осыдан 5 жыл бұрын Бішкекте өткен еді. Сондықтан бұл отырысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көптен күткен маңызды басқосу» деп атады. Әрі кеңестің кезекті отырысы «ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашатынына» сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Келіссөздерден соң президенттер екі ел арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды. Одан бөлек тағы 6 маңызды құжат бекітілді. Оның ішінде шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін дамытуды көздейтін Жол картасы да бар.

Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:

Жол картасына сәйкес бүкіл өткізу пунктері бір уақытта реконструкция және модернизациядан өткізілетін болады. Ол не береді? Қазір, мысалы, 600 мың көлік құралы өтіп жатқан болса, осының қуаттылығын екі есе өсіруге, яғни 1 млн астам көлік өткізуге және 17 млн 17,5 млн дейін жолаушы өткізуге мүмкіндік береді.

Сосын бұрын жабылып қалған Бесағаш және Камышановка өткізу пунктерін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ал тағы бір хаттамаға сәйкес, тәулігіне 8 сағат қана жұмыс істейтін Кеген арнайы пункті күндіз-түні көлік өткізетін режимге көшірілмек.

Мемлекетаралық кеңесте су-энергетика саласындағы мәселелер де пысықталды. Қазақстан көрші елге қыстыгүні электрқуатын берсе, олар бізге егін науқанында су жіберетін дәстүр қалыптасқан.

Нұржан Нұржігітов, ҚР су ресурстары және ирригация министрі:

Біз бүгінгі күні сәуір, мамыр, маусым айларына келістік. Енді шілде, тамыз, қыркүйек айларына біз маусым айында Қырғызстанда кездесеміз қосымша. +00,20 Сол жұмыстың арқасында вегетация кезінде су тапшылығы болмайды.

Екі жақты қарым-қатынастың осылайша нығаюына зор үлес қосып жүргені үшін бауырлас елдің басшысына біздің тарап сый-құрмет көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз әріптесіне І дәрежелі Достық орденін табыстады. Әрі мәңгілік достық пен мызғымас бауырластық жалғаса беретініне сенім білдірді.


Хабарламаларға жазылу