Жамбылдық жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында туған өлкесін тазалап жүріп тарихи мұраның үстінен түсті. Жаңатас қаласында осыдан 3,5-4 мың жыл бұрынғы тасқа қашап салынған таңбалы жартас табылды. Ежелгі петроглифтер қола дәуірі адамдарының тасқа салған туындылары болып шықты. Тарихшыларды таң қалдырған жартастағы жазулар жайлы Данияр Әлімқұл әңгімелейді.
Сарысу ауданындағы Ақтоғай сайы өзінің тұмса табиғаты, бұйра бұлақтарымен танымал. Қаратаудың қызғалдақты жотасын ауыл ақсақалдары ежелгі адамдардың мекені санайды. Өйткені өрген малдың соңында жүріп, көне заттарды көп кездестірген. Ал жастар жағы тарихи орынды тазалап жүріп қола дәуіріне тиеселі таңбалы жартасқа кездеседі.
Асылжан Пазылбеков, волонтер:
Ерекше жазуларды көзіміз шалып қалды. Енді тарихшы емеспіз, өзіміз арнайы мамандарды тарихшыларды шақыру барысында осы жазуды анықтадық. Сөйтсек бұл үлкен мұрағат болатындай тарихымызға ерекше жазулар екен.
Таңбалы тастардың ені 2 метрге жуықтап, ұзындығы 15 метрден асады. Қола дәуірі адамдарының қолтаңбасына қарап аң аулағанда топтасып жүріп, тор лақтырып жатқаны анық бедерленген.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қола дәуіріндегі қауым танымын тасқа түсіріп, салт-санасын осылай жартасқа жазып, қашап қалдырған. Мына тас бетіндегі таңбаларға қарап, арқарға ұқсас аңдарды, тауешкі мен түйелерді көруге болады. Ашық аспан астындағы галереяда 100-ден аса петроглиф кездеседі.
Мұндай ескерткіштер шоғыры Берікқара мен Қаратаудың солтүстік беткейінде өте сирек ұшырасады. Ғалымдар ерекше элементтерге толы таңбаларды адамзат тарихы үшін ғылыми жаңалықтың бірі деп отыр. Сондықтан мәдени мұраға кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу керек дейді.
Сауран Қалиев, тарихшы-археолог:
Жалпы Қаратау тау жотасы бұл Қазақстандағы ең киелі аймақ болып табылатын тарихи-географиялық аймақ болып есептеледі. Ал енді сол ғалымдардың зерттеу жұмыстарының қортындысына сәйкес мұны болашақта өңірлік туристік бағыттарға енгізуге мүмкіндігі жоғары.
Тарихшылар алғашқы өркениет нышанын вандализмге бой алдырғандар бұзып тастай ма деп қорқады. Сондықтан мәдени мекен ертерек мемлекет қорғауына алынғанын қалайды. Айта кетейік, Жамбыл жерінде 3510 тарихи-мәдени ескерткіш бар десек, оның 46-сы былтыр ғана табылды.
Данияр Әлімқұл