Президент: Отандық ғылым Ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Отандық ғылым Ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі керек

13.04.2024

Кеше Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытудың бес бағыты бойынша, Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Үкіметке экономиканың жаңа моделін жасауды жүктеді. Негізгі мақсат – отандық ғылым ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі керек. Алқалы жиында айтылған ғылым саласындағы басқа да мәселелер жайлы тілші тарқатады.

Адамзат қол жеткізген қазіргі технологиялардың барлығы да ғылымның жемісі. Һәкім Абай айтқандай, «дүниенің кілті – ғылым». Бірақ, біздегі отандық ғылым саласында ілімдегі ізденістердің ізі қағаз бетінде ғана қалып жатыр, көбіне. Президент ғылым ел мен қоғам игілігіне, яғни қолданбалы мақсатқа жұмыс істеуі керек,-деді. Бұл сөздің арғы жағында іске кірісетін кез келді деген үлкен үндеу жатса керек. Хош, жиында салада сірескен сан түрлі мәселе айтылды, талқыланды. Ғалымдар ең өзекті проблемаларды президентке баяндады.

Айдархан Қалтаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

Кейінгі кездері әсіресе осы соңғы 5-6 жыл деп айтуға болатын шығар. Техникалық мамандықтарға түсетін жастардың сапасы төмендеп кетті. Тіпті өте төмен деп айтуға болады. Әлі де мектеп түлектері инженерлік мамандықтарды қалдық ретінде соңынан таңдайды. Және қабылдау кезінде орташа балдары төмен».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы техника саласындағы мамандар өте қажет. мен әрқашанда әр жерде бұл мәселе бойынша айтып жатырмын. Расында да, біздің жастардың бәрі заңгер, әдебиетші, тарихшы т.б боп кетті. Инженерлік кадрларға біз бәріміз зәру болып отырмыз. Сондықтан, сіздің айтқан сөздеріңіз министрлікке, нақты министрге сын.

Шикізат көп, оны игеру ісінде шикілік те аз емес. Отыз жылдан аса уақыт ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс кем болды. Енді, сол олқылықтың оң шешімін шығару қажет. Президент отандық ғылым ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі керектігін айтты. Ғылымның тірегі – ғалым. Әуелі солардың жағдайын жасау міндет. Әсіресе, жастарды қолдау маңызды.

Еламан Айбулдинов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ақ басқарма төрағасы:

Мемлекет басшысының жас ғалымдарға артып отырған сенімі, үлесі жасалып жатқан мемлекет жағынан жағдайы сөз болды. Біздің еліміздің дамуына қажет үлкен жобаларды жастардың алып келеріне сенімі мол. Тапсырмалар берді. Еліміздегі 25 мың ғалымның 3/1 жас ғалым екенін ескерсек бұл үлкен әлеует.

Президент университет ғылымы мен ғылыми инфрақұрылым саласында қордаланған мәселелерді шұғыл шешуді тапсырды. Бұл бағытта отандық ғалымдардың ұсыныс-пікірін ескеру керектігін айтып өтті.

Қайрат Молдашев, қауымдастырылған профессор:

Ғылым саласында корпортивтік басқаруды жиі айтамыз, ал президент бүгін ғылыми процесті алға шығару туралы көп айтты. Тек, басқарудан гөрі академиялық процесс алға шығу керек. Адамдар қаншалықты шешім беру процесіне қатысса соншалықты мотвациясы артады. Әртүрлі тараппен қабылданған шешімдер нәтижелі болмақ.

Жалпы, алдыңғы жылы 1,5 мыңнан аса докторанттың 38 пайызы ғана диссертация қорғаған, оның жартысына жуығы ғылым саласында қалған. Сондықтан Президент Үкіметке елдегі ірі өндіріс компанияларымен бірлесе отырып «индустриалды PhD» мамандарын дайындаудың механизмін жасауды тапсырды.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

Бүгінгі елдік деңгейдегі өткен мәртебелі ғылыми жиын ғылымымыздың жаңа кезеңін, бағыт-бағдарын айқындамалық мәжіліс болды. Әсіресе, қазіргі сын-қатерлер кезінде түрлі табиғи-техногендік апаттар кезеңінде президенттің сөзі бір жағынан қазіргі мүмкіндіктерді екінші жағынан әлеуетімізді, дәстүрімізді және барлық ғылыми күшті осы жағдайды реттеуге бағытталған ой-пікір айтылды.

Отыз жылда озық ойлы талай ғалым шет асты. Енді, сол шетелдік ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды елге қайтару керек. Президент бұл ұсынысты қолдайтынын айтты. Кәсібилігі жоғары шетелдік мамандарды да ел игілігіне жұмыс істетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Қорыта айтқанда, Қаныш Сатпев «ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана заман талабының өресінде болады», -деген екен. Уақыт өткен сайын өзектілігі артып бара жатқан қағида.


Хабарламаларға жазылу