Сенат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады

11.04.2024

Отбасының берекесін алып, әйелі мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаңдатылады. Сенат депутаттары бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасын бірауыздан мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Отбасында жанжал шығаратындар енді қайда қамалады? Қоғам белсенділері заң жобасының қай бөлігіне қарсы? Сенат отырысынан Айя Мүтәлінің материалы.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұрын әкімшілік заңбұзушылық саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекске енгізілмек. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желі мен ақпарат беттеріне шыққан дәлелге сүйеніп, тергеу жүргізе алады.

Осылайша, денсаулыққа жеңіл не ауыр зардап келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Агрессорлар тергеу изоляторына қамалады. Ішкі істер министрлігі арыз көбейген жағдайда да оларға түрмеден орын табылады деп отыр.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары:

Заң қабылданғаннан кейін де мұндай агрессорлардың саны күрт артады деп айта алмаймын. Қазірдің өзінде біз оларды ұстап жатырмыз. Енді істі қылмыстық негізде жүргізетінен, күдіктілерді тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарылды. Барлығына абақтыдан орын табылады.
Кәмелетке толмаған баласына қол көтерген ата-ана үшін де жаза қатаң. Депутаттар «құжатта ата-ана құқығынан айыру туралы норма бар» деп дүрліккендердің де сұрағына жауап берді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ондай нормалар ең басынан қарастырылмады. Болмады және талқылау кезінде тіпті айтылмағандығында тағы баса айтып өткім келеді. Диструктивті кейбір пайымдар, жалған ақпарат таратып отыр. Айтылған сұрақтардың бәрі жалған. Шындыыққа мүлдем жанаспайды. Фейк ақпарат екенін атап өткім келеді.

Ал Ішкі істер мен Оқу-ағарту министрлігі ата-ана құқығынан айыру үшін ұзақ тексеруден өтеді дейді. Мұндай норма өз баласына қасақана қылмыс жасағандарға ғана қолданылмақ.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Мұндай жағдайда ата-аналар құқығынан айыру тек соттың шешімімен және қылмыстық іс-әрекеттер дәлелденген жағдайда ғана іске асырылады.

Ал кәмілет жасына толмағандарды зорлағандар мен өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Балаларға жасалған озбырлық әрекеттер үшін татуласу тәртібі енді қолданылмайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзу туралы заңнама қайта қаралып, күшейтілді. Бұл заң жобалары әйелдер мен балалардың конституциялық құқығын қорғауға тың серпін береді деп үміттенеміз.

Айя Мүтәлі, тілші:

Сонымен бірге, суицид жұмсауға итермелегендер үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Ақпан айынан бері Мәжілісте қаралып, Сенат қарауына жіберілген заң жобасын депутаттар бүгін бір ауыздан мақұлдады. Парламент бекіткен құжатқа президент бір ай ішінде қол қоюы керек.
Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу