Әлемде нөсер жауын, су тасқыны, дүлей дауылдар жиілеп кетті. Ғалымдардың айтуынша, бұған былтыр басталып, биыл күшейе түскен эль-Ниньо құбылысы себеп. Бұған қоса, парник газдарының ауаға көптеп бөлінуінен климаттың өзгеруі тез жүріп жатыр.
Жақында БҰҰ-на қарасты Дүниежүзілік метеорология ұйымы жаһандық климатқа қатысты баяндама жариялады. Оған сай, әлемде парник газдары ауаға көптеп тарап жатыр.
Теңіз суының деңгейі көтеріліп, аптап ыстық күшейіп, мұхиттың қышқылдануы, мұздықтардың еруі жылдамдай түскен. Мұндай өзгерістер әлемнің бір бөлігіне қуаңшылық әкеледі. Ал өзгелерінде нөсер жауын мен алапат тасқынға себеп болады. Планетада қалыптасқан тепе-теңдік адамның іс-әрекетінен бұзылып жатыр деген пікір жиі айтылып жүр.
Селесте Сауло, дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы:
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес көп қаражатты қажет етеді. Алайда әрекетсіздік бұдан да қымбатқа шығады. Ұйым 30 жыл бойы климаттың жай-күйі туралы есеп беріп келеді. Осы уақытта көмірқышқыл газының орташа концентрациясы 11 пайызға көбейген. Жаһандық температура жоғарылады. Мұздықтар былтыр рекордтық деңгейде еріді.
Жаһандық жылынуды адами факторға қоса, «Эль-Ниньо» феномені де жылдамдатып отыр. НАСА ғалымдарының пікірінше, аталған құбылыс күшейе берсе, Солтүстік және Оңтүстік Америкада су тасқыны жыл сайын бірнеше мәрте қайталануы мүмкін. Бұған қоса, Колорадо университетінің синоптиктерінің болжамына сай, Атлантикада биыл дүлей дауылдар маусымы болмақ. Себебі әлемдік мұхит суының температурасы жылыған сайын, дауылдар да күшейе түседі екен. БҰҰ-ның мәліметіне сай, 2023 жылдың соңында әлемдік мұхиттың 90 пайызы рекордтық көрсеткішке дейін жылынған.
Алекс Десрозье, философия ғылымдарының кандидаты:
Биыл климаттық өзгерістердің ықпалы анық байқалып отыр. Ғаламдық ауа температурасы жоғарылап барады. Мұхиттар рекордтық деңгейде жылынып жатыр. Осылай жалғаса берсе, дауылдар күшті бола бермек.
БҰҰ-ның жоғарыда аталған есебінде көрсетілгендей, былтыр тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Ал 2024 жыл бұдан да ыстық болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жаз басталмай жатып, Еуропада күн шыжып, сынап бағанасы 28 градусты көрсетіп тұр. Былтыр ғаламдық температура тиісті деңгейден 1,45 градусқа жоғары болды. Ал Париж климаттық келісіміне сай, бұл көрсеткішті 1,5 градустан асырмау көзделген.
Арай Төлегенқызы
