Жайық жайылмасындағы саяжайларды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық жайылмасындағы саяжайларды су басты

10.04.2024

Батыс Қазақстан облысында Жайықты жағалай орналасқан 94 елді мекенге қауіп төніп тұр. Қазір өзендегі су деңгейі 720 см-ге жетіп, қауіпті деңгейге 1 метрдей қалды. Алдын ала ескертілгендей, Жайық жайылмасында орналасқан саяжайларды су басты. "Нұрлы жол", 1-ші, 2-ші, 3-ші саяжай және тағы да басқа бау-бақша серіктестіктері жарық пен газдан ажыратылды. Тұрғындар алдын-ала эвакуацияланды. Қазір, Орал қаласы мен төрт аудан - Бөрлі, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында жағалауды бекіту, бөгеттерді биіктету күшейтілді. Ресейдегі Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 1300 текше метр су түсіп жатыр.

Қайырғали Оспанов, тұрғын:

Тапқан табысымның бәрін осы үйге салып жатырмын. Мынадай су келеді деп ойлаған жоқпын. Бүгін таңғы 7 жарымда келіп кірген су мынау. Енді не істеймін білмеймін. Басқа баратын жерім жоқ. Бала-шағаны көшіріп тастадым эвакопунктке. Өзім пока осындамын. Ұрлық-қарлық көп. Соны қарап жүрмін.
Нұржан Төлеуіш, облыстық төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-сараптамалық тобының аға инженері:

Жайық көтеріліп жатыр. Әлі күнге дейін көтеріледі деген ақпарат бар. Сәуірдің екінші жартысында өзінің қауіпті деңгейіне жетеді немесе 9 метрге дейін жетеді деген болжам бар. Осыған байланысты бүкіл саяжайларға қауіп төніп тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу