Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен балалар лагерьде демалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен балалар лагерьде демалады

09.04.2024

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен аумақтардан 185 бала республикалық лагерьлерде демалады. Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандары мен Орал қаласынан 83 оқушы пойызбен Алматыға қарай жолға шықты. Олар ертеңнен бастап 21 күн бойы Алматы облысындағы «Тау Жанашар» лагерінде және Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында тынығып, әрі сабақ оқиды. Қалған 102 бала бір аптадан кейін Қызылорда облысындағы «Қамбаш» сауықтыру орталығында он күн демалысқа аттанады.

Айгүл Мыңбаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:

Президенттің тапсырмасына сәйкес және Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың 185 баласын сауықтырумен және демалумен қамтамасыз ету жұмысы басталды. Бүгінгі күні бірінші кезекте демалатын балалар жолға шықты. Олар 10 сәуірден бастап 3 сауықтыру лагерінде демалатын болады. Осы 185 баланың келесі легі 17 сәуірден бастап жолға шығады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу