Мемлекет басшысы Өзбекстанда жұмыс сапарымен болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Өзбекстанда жұмыс сапарымен болды

06.04.2024

Ал бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барып қайтқан еді. Екі ел басшысы Хиуа қаласында бейресми кездесу өткізіп, өзара қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаған. Әрі көне шаһардағы тарихи нысандар мен кәсіпорындарды аралап көрді.

Хиуа. Түркі әлемі мен ислам өркениетінің ежелгі ошағы. Сәулет өнерінің жауһары. 2 жарым мың жылдық тарихы бар көне шаһар Орталық Азия халықтарына ортақ мұра.

Тарихи тамыры тереңге жайылған осы ежелгі мекенге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысымен бейресми форматта кездесу үшін жұмыс сапарымен барды. Өзбекстан тарабы мәртебелі мейманын күтіп алуға тыңғылықты дайындалғаны байқалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Үргеніш әуежайынан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің өзі қарсы алды.

«Қош келдіңіз» деп ұрандата қарсы алған өнерпаздар дәстүрлі биін көрсетіп, ұлттық аспаптарымен әуезді әуен орындады. Осылайша бауырлас ел қазақ басшысына қатып қалған халықаралық протокол тәртібінен тыс зор құрмет көрсетті.

Халықаралық саясат сарапшысы Жанат Момынқұлов бұл сапардың үлкен символдық мәні барын әрі екіжақты қарым-қатынасты нығайта түсуге септігін тигізетінін айтады.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Өйткені Хиуаның өзі Аралдың оңтүстігінде, Қарақалпақстанға жақын аймақта, кейбір қыпшақ тайпалары тұрған аймақ. Осы тұрғыдан келгенде екі тілі бір, діні бір, мәдениеті бір туыс халықтардың басшыларының кездесуі бұған дейінгі кездесулердің логикалық жалғасы.бейформал, бейресми қарсы алып, күту әр уақытта басқаша эффект береді.

Бейресми форматтағы келіссөзге дейін тараптар Хиуадағы мәдени және өндірістік нысандарды аралап көрді. Мемлекеттер басшылары алдымен 50 жылдай бұрын салынған кілем тоқу фабрикасына барды. Мұнда 4 цех жұмыс істейді. Олар жылына 4 млн шаршы метрден астам кілем тоқып шығарады.

Президенттер назарына өзбекстандық өнеркәсіп тауарларының көрмесі де ұсынылды. Павильондарға арнаулы техника үлгілерінен бастап жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне дейін қойылған. Сөз арасында екі ел басшысы шекаралас облыстардың аумағында бірлескен кәсіпорындар кластерін құрудың маңыздылығын талқылап үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реті келгенде Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуға күш салуға шақырды.

Бұдан соң серіктес әрі одақтас екі ел басшысы бейресми келіссөз жүргізді. Олар тура бір жыл бұрын Шымкентте дәл осындай форматта кездесу өткізгені есте. Ол кезде өзара байланыстың перспективалары талқыланған еді. Бұл жолы да стратегиялық қарым-қатынасты нығайту мәселелері сөз болған.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Осы жолғы сапардың негізгі астары көбінесе экономикалық. Бұған дейін қол қойылған әртүрлі өндірістік, логистикалық, басқа да жобаларды пысықтау, потенциалды қолдану, екіжақты тауар айналымын арттыру үшін негіздерді жасау.

 Екіжақты тауар айналымы былтыр 4 жарым млрд долларға жеткен. Оны алдағы уақытта 10 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Ал қос тараптың портфеліндегі инвестиция көлемі 2 жарым млрд доллардан асады. Оған 60 бірлескен жоба іске асырылған. 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Қазақстанның Өзбекстанда 1084 біріккен компаниясы жұмыс жасайды. Ал өзбек тарапының Қазақстанда 2400 компаниясы жұмыс жасайды. Осыдан-ақ қай тараптың мүдделірек екенін аңғаруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ-өзбек тандемі өміплік қажеттіліктен туған. Жұмыла әрекет еткенде ғана мемлекеттер орнықты дамиды. Сондықтан мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың алдағы 10 жылға арналған бағдарламасын қабылдауды қолдайтынын айтты. Келіссөз барысында елдердің туристік әлеуетін пайдалану мүмкіндігіне де мән берілді.

Асыл Қуанышбекқызы, саяхатшы:

Туристер неге Өзбекстанға баруға құмар? Себебі, біріншіден, Өзбекстан саяхаттауға қауіпсіз мемлекет. Екіншіден, онда тарихи жәдігерлер өте көп. Адамзат баласы тарихи жәдігерді көруге құмар.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру жайын да талқылады. Бұл кәсіпорын Қытайдан келетін жүк тасымалын бар тарапқа тиімді етіп ұйымдастыруға сеп болмақ. Әрі Трансауған бағытын дамытуға да жұмылдырылады.

Қазақстан президенті жұмыс сапары аясында ежелгі Хиуа шаһарының тарихи орталығындағы «Ишан қала» қалашығына да барды. Бұл ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш саналады. Тарихи-археологиялық кешенде 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты мен алпысқа тарта сәулет ескерткіші орналасқан. Мұнда қазақстаннан келген мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.

Ал Хиуаның ортағасырлық шайыры, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд кесенесі өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа да халықтардың мінәжат етіп баратын қасиетті мекені саналады. Онда Қазақстан мен Өзбекстан президенттері де зиярат жасап, Палуан Махмұд рухына Құран бағыштады.

Мемлекеттер басшылары хорезм сәулет өнерінің бірегей ескерткіші – Нұролла бай сарайын да аралады. Хиуа хандығының бас уәзірі болған Сейіт Ибрагим қожаның үйі мен «Беш хаули» кешеніне экскурсия жасады. Өзбек-қазақ суретшілерінің көрмесі де президенттер назарына ұсынылды.

Сапар соңында Қазақстан президентін өзбек басшысы Ш.Мирзиеев әуежайдан шығарып салды. Тараптардың жылы қоштасуынан бейресми жүздесу сәтті өткенін аңғаруға болады. Сарапшылар Қазақ-Өзбек президенттерінің ресми емес кездесуі Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуі қарсаңында өткеніне назар аударады. Әрі осы жазда Астанада екі ел де мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті ұйымдастырылатынына да мән береді. Президенттер осы іс-шаралар алдында ортақ пікірді пысықтаған болуы мүмкін деп болжайды саясаттанушылар.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу