Еліміздегі моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады

03.04.2024

Еліміздегі моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Еліміздегі 20 моноқалада 1,3 млн-нан астам адам тұрады. Олардың әлеуетін дамыту үшін табысты арттырып, жұмыс орындарын көбейтуге қажетті нақты іс-қимылдар қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асады. Премьер-Министрдің айтуынша, облыс әкімдіктері жағдайды жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдаған жоқ. Сондықтан қалыпты тұрмыс жағдайы мен қызметтерді қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұлар – инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Шағын және орта бизнесті дамыту- барлық моноқалалар үшін өзекті болып табылады. Қосалқы өндірістерді бизнеске беру - моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс. Қазіргі уақытта моноқалаларда бос тұрған өндірістік алаңдар бар. Оларды пайдалану керек. Өнеркәсіп министрлігі екі аптаның ішінде моноқалалардағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізсін. 


Хабарламаларға жазылу