Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

02.04.2024

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Өңірдің Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында үйлерді жаппай су басып, халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. 4 мың адам эвакуацияланған. Оның тең жартысы балалар. Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Ресейден бастау алатын өңірдегі 5 трансшекаралық өзеннің су деңгейі көтерілген. Салдарынан Қараөзен, Сарыөзеннің де су деңгейі ұлғаюда. Қазталов және Жанғалин аудандарын су басу қаупі бар. Аймақта алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында республикалық маңыздағы жолдың бір бөлігі опырылып түсті. «Подстёпное-Федоровка-Ресей шекарасы» күре жолының Жайық ауылы тұсында құбыр мен асфальт төсемін су басып, шөгіп кеткен. Апаттың салдарынан тасжолда көлік қозғалысы шектелді. Жол құрылысы былтыр басталған. Су өткізгіш құбырдың іргесін бекіту толық аяқталмапты. Сондықтан жолдың құрылымдық қабаты түсіп кеткен. Қазір жол төсемін қалпына келтіру үшін асфальт қабаты алынып, жөнделіп жатыр. Көлік қатынасы кешке дейін қалпына келеді деп жоспарланып отыр. Өңірде жалпы республикалық, облыстық аудандық маңыздағы 21 жолды су басып, 30 жол бөлігін су шайған.

Дамир Тілеубаев, «ҚазавтожоЛ» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

Қазір ол жерге 20-дан астам адам мен 14 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жолда әлі құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Жолды тапсыру мерзімі 2025 жылдың соңына дейін көзделген. 


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу