Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысы өтті

15.03.2024

Ұлттың бірегейлігі, халықтың консолидациясы, жаңа қоғамдық этика. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы Президент сөзін осы үш ауыз сөзбен сипаттауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді алға жылжыту үшін идеологиялық тұғырнама іспеттес алты құндылықты тізіп шықты. Әрі елдің болашақтағы бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымға сыйғызды. Құрылтай отырысын тыңдаған тілшіміз Данияр Қайыртай толықтырады.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Бұған дейін ұлт ұясы Ұлытау мен түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай бұл жолы «Хан ордалы Сарайшықтың» іргесіндегі Атырауда өтіп отыр. Отырыс жылдағыдан ертерек – көктем айында өтетінін Президент жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында аңдатқан еді. Мемлекет басшысы бүгінгі жиында қоғамдық консолидация және жалпыұлттық құндылықтарды одан ары дамыту жайына басымдық берді.

Елдігіміз үшін аса маңызды мәселе – халықтың береке-бірлігін сақтау. Себебі ынтымағы жарасқан ұлт ешқашан ұтылмайды деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет.

Бірлік дегенді трайбализммен шатастыруға тағы болмайды. Мемлекет басшысы «ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып бара» жатқанын сынға алды. Атасына ескерткіш қою, көшеге атын беру сияқты ұстаным еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді деді. Сол үшін, тіпті, шетелдіктер бізді «Ескерткіштер елі» деп мысқылдайтынына қапаланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мәселесіне Президент биыл да тоқталды. Өйткені бұл – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Осының нәтижесінде қазір қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық деді мемлекет басшысы. Оның ішінде кітап басу ісі мен аударма мәселесі өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз.

Мұнымен өзектесіп жатқан мәселе – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, жастарды осыған баулуымыз керек деді Қ.Тоқаев. Ал тәуелсіздік кезеңінде елде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Сондықтан президент кітапхана ісін дамытуға баса мән беруді тапсырды. Әрі көптеген мемлекеттегідей Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек.

Болашаққа сеніммен қадам басу үшін әр азамат төл тарихтың ауқымын сезінуі де маңызды. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған Жошы Ұлысы Орталық Еуразиядағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Ал осы ортағасырлық держава Қазақ хандығының құрылуына негіз болғаны белгілі. Ендеше әлемде Алтын Орда туралы қысқартқанда осылай болды.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу