Сары түске өтсең, айыппұл төлейсің! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сары түске өтсең, айыппұл төлейсің!

15.03.2024

Бірақ әзірге Астанада. Тіпті екі аптада осындай жүздеген дерек тіркелген. Ал айыппұл көлемі – 36 920 теңге. Ережені бір жылда қайта бұзсаңыз, төлейтін соммаңыз арта түседі. Бұл жаңашылдықты көлік жүргізушілері қалай қабылдап жатыр? Өзге қалалардағы камералар «сарыға» өткендерді қашан түсіре бастайды? 

Досжан Маратұлы, тілші:

Бұл Астанадағы көлік қозғалысы көп қиылыстардың бірі. Осында тұрғанымызға шамамен 10 минуттан асты. Осы азғантай уақыттың өзінде мына бағдаршамның сары түсіне 4-5 көлік тоқтамай өтіп кетті. Бұрынғыдай емес, оларды қазір мына сергек камералары түсіріп алады. Мұны жүргізушілердің бірі білсе, бірі жаңалықтан әлі бейхабар.

Негізі бағдаршамның сары түсіне өткені үшін айыппұл баяғыдан қарастырылған. Бірақ камералар түсірмейтін. Тек патрульдік полиция көрсе, хаттама толтыратын еді. Енді қырағы камералар ештеңені қалт жібермейді. Әзірге 25 қиылыстағы сергек түсіреді, ай соңына дейін қалғаны қосылады.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Енді сіз жол қиылысына келдіңіз. Жолдың қиылысында стоп линиядан өткен кезде жасыл түске, яғни жасыл жыпылықтап тұрған кезде өттіңіз делік иә, бұл жерде құқық бұзушылық болып есептелмейді. Егер сіз сары түске өткен болсаңыз, сол кезде ол құқық бұзушылық болып есептеледі.

Қазірдің өзінде астаналық 700 жүргізушіге сарыға өткені үшін айыппұл салынды. Оның көлемі 36920 теңге. Ал бір жылда осы ережені тағы бұзсаңыз, 55380 теңге. Әрине, бір аптада ішінде төлесеңіз 50 пайыздық жеңілдік бар.

Ішкі істер министрлігінің мұндай қадамға баруы бекер емес. Жол апаттары көбейіп барады. Бірі тоқтамайды, енді бірі солға бұрылуы керек. Сөйтіп соғылады. Мәселен былтыр сары түске өтудің кесірінен 3 мыңнан астам апат болған. 6 адам ажал құшты, 250-і жарақат алды. Сондықтан сары түске өтуге қатысты сұраққа келгенде жүргізушілердің пікірі әртүрлі.

Әзірге сарыға өткендерді Астанадағы камералар ғана түсіреді. Егер мұндай шара жол апаттарын азайтып, оң нәтиже көрсетсе ,Алматы,Шымкент секілді өзге қалаларда да айыппұл салынатын болады.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу