Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтың жаңа дәуіріне қадам басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтың жаңа дәуіріне қадам басты

11.03.2024

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтың жаңа дәуіріне қадам басты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев, сапар қарсаңында «Азери-Пресс» агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Президент бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Әсіресе, алыс-беріс көбейген. Екі ел Транскаспий дәлізін дамытуға күш салмақ. Өзге де ортақ жобалар бар. Ағайын елмен байланыстың көкжиегі қандай? Мемлекет басшысы тағы қандай мәлімдеме жасады? Тілші материалында.

Әзербайжандар Каспийді әлі де Хазар деп айтады. Алып теңіз бауырлас елдерді бөліп жатқан жоқ, керісінше араны жалғап отыр. Қазір осы айдын арқылы сауда-саттық қызған. Президент Транскаспий дәлізінің дамуы қос елдің шығыс пен батыс арасынадағы көпір ретіндегі рөлін күшейтетінін айтты. 2022 жылы Орта дәліз арқылы тауар тасымалы екі есе артқан. Былтыр тағы 65 пайызға өсіп, 2,7 млн тоннаға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Болашақта бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға жетеді деп отырмыз. Оған сұраныс та, технологиялық мүмкіндік те бар. Сондықтан Астана мен Баку бұл салада кешенді қадамдар жасап жатыр. Мәселен Қазақстан, Әзербайжан, Түркия арқылы өтетін «Орта дәлізді» 2022-2027 жылдары дамытуға арналған арнайы жол картасы әзірленді. Каспий жағалауындағы теңіз порттарымызды ауқымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлеміз.

Осының арқасында 2020 жылдан бері қос ел арасындағы сауда-саттық 5 есе өсіп, 529 млн долларға жетті. Халықаралық көлік дәлізін дамыту үшін алдағы алты жылда 11 мың шақырым теміржол жөнделіп, жаңадан 5 мың шақырым салынбақ./ Бұдан бөлек екі ел арасында бір жарым жылда 40-тан аса маңызды құжатқа қол қойылған. Мемлекет басшысы ауқымды жобалар жоспары әлі де көп екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің «портфелімізде» екі ел үшін де, жалпы аймақ үшін де маңызды бірқатар жоба бар. Бұл – Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін және энергетикалық кабельді тарту. Мұнай мен уранды Әзербайжан арқылы экспорттау, ал бидайды Қазақстаннан Әзербайжан нарығына жеткізу. Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған.

Сұхбатта Қарабақ тақырыбы да қозғалды. Оны қалпына келтіру ісіне Қазақстан атсалысып отыр. Тарихи Физули қаласында «Құрманғазы» шығармашылық орталығын сыйға тартты. Қазақстандық компаниялар өзге де нысандардың құрылысына атсалыспақ. Президент екі елге ортақ Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі мен болашағы туралы да пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі мемлекеттері ұйымының мүмкіндігі жоғары. «Ортақ жалпы ішкі өнім 1,5 трлн доллар, халық саны 160 млн. Түркі елдері арасындағы ішкі сауда 42,3 млрд долларға жетті. Ал ұйымға мүше мемлекеттердің әлем елдерімен саудасы 1,3 трлн доллар. Бұл ұйым ішіндегі интеграциялық үдерістерді одан әрі табысты дамытуға жеткілікті деп ойлаймын.

Сұхбат барысында Президент Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, климаттық өзгеріс және жаңа қуат көздерін дамыту мен осы бағыттарда бірлесе әрекет ету жайына тоқталды. Бастысы - қазақ пен әзербайжанның мақсаты ортақ. Ол - стратегиялық әрі одақтас мазмұнда берік байланысты дамыту.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу