Ресейдің Екатеринбург қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған конференция өтті. Онда жергілікті қазақтар, облыс тұрғындары мен түрлі ұлт өкілі ақынның өлең-жырларын оқып, өмірінен сыр шертті. Толығырақ Индира Бегайдар тарқатады.
Жамбыл жырлары түрік, әзірбайжан, франсуз, жапон, орыс тілдеріне аударылған. Конференция барысында ақынның өлеңдерін түрлі ұлт өкілдері оқыды. Жыр мүшәйрасында үздіктер анықталды. Сондай-ақ «Жыр алыбы-Жамбыл» көрмесі ұйымдастырылды.
Бақытжан Тасмағанбетов, тарихшы:
Жамбыл Жабаевтың творчестволық еңбектері осы Орал өңіріндегі көп ұлтты халық өте қадірлейді, кітапханалардан іздеп жүріп оқып жатады. Жамбыл Жабаев атамыздың патриоттық саладағы көптеген еңбектерін бүкіл біздің қазақ елі де, осы Орал өңіріндегі жастар да біліп жатыр.
Ғалия Аманжолова, «Еуразия-Қазақстан» ұйымының вице-президенті:
Бұл шара дәстүрлі түрде өткізіледі. Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына тек қазақ халқы емес, орыс, өзбек, қырғыз, башқұрт сияқты өзге ұлт өкілдері жоғары қызығушылық танытады. Тіпті жастардың тарапынан да сұраныс үлкен.
«Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған ақынның өмірі өнегеге толы. Сондықтан ақын туралы мектеп оқушылары, студенттер арасында көбірек насихаттау керек дейді ұйымдастырушылар.
Ольга Калинина, Свердлов облыстық ұлтаралық кітапханасының директоры:
Жамбыл тек қазақ ақыны емес, әлем ақыны. Оның отты жырлары Ленинградты қоршау кезінде адамдарға рух берді, тіпті әр отбасы өлеңдерін үйінің төріне іліп қоятын. Сондықтан оның рухына тағзым ету парызымыз.
Конференцияға қатысушылар Жамбыл Жабаевтың тарихи шығармалары әлі тиісті деңгейде зерттелмегенін айтады. Жалпы ақынға арналған шаралар Ресейдің өзге өңірлерінде де жалғасын таппақ.
Индира Бегайдар