Елімізде өкпе обырын ерте анықтайтын компютерлік томография қолданыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде өкпе обырын ерте анықтайтын компютерлік томография қолданыла бастады

05.03.2024

Елімізде өкпе обырын алдын алу үшін төмен дозалы компютерлік томография қолданыла бастады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл рентгенмен салыстырғанда қауіпсіз. Бұл туралы Өскеменге барған еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова мәлімдеді.

Онкологтың айтуынша, елімізде жаппай жүргізілген скринингтің нәтижесі көңіл көншітпейді. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Шалғай ауыл тұрғындарының скрининг нәтижесін облыстық онкологиялық орталық дәрігерлері жіті зерттейтін болады. Салалық мамандар ауылдағы науқаспен тікелей тілдеседі. Бұдан бөлек, облыстағы білікті дәрігерлер тоқсан сайын ауыл-аймақты аралап шығады. Осылайша ондағы әріптестермен тәжірибе бөліседі. Былтыр елімізде 39 мың адамнан қатерлі ісік анықталды.

Диляра Қайдарова, қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Фельдшерлер тәжірибеден өтіп жүр, бірақ олар әр үш ай сайын ауысып кетеді. Орнына әрине тағы да жас маман келеді. Оның сол жердегі медициналық техникадан хабары жоқ болуы немесе жетік білмеуі мүмкін. Сондықтан біздің онкологтар осы олқылықтың орнын толтыру керек.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу