Шымкентте мектеп басшылығы оқушылардың тамағына ақша ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мектеп басшылығы оқушылардың тамағына ақша ала алмай отыр

01.03.2024

Шымкентте жекеменшік мектеп иелері балалардың тағамына бөлінетін ақшаны түгел ала алмай жүргендерін айтады. Қазіргі жүйе бойынша мектептегі ыстық тамақ үшін берілетін қазына қаржысы ата-ананың есеп-шотына түседі. Ал олар түрлі сылтаумен төлемді мектепке аудармайды. Бірақ балалары күнделікті мектепте тегін тамақтанады. Салдарынан білім ордасы мен асхана шығынға батып отыр.

Сымбат Бақытбекқызы, Бастауыш мектеп меңгерушісі:

Бізде мектепте 100 бала болса, соның ай сайын 10 оқушысы міндетті түрде бермейді. Бір оқушыға 10 мыңнан түссе, он оқушыныкі 100 мың теңге. Ал бізде күнде ол тамақ беріліп жатыр. Жұмыс істеп жатқан адамдар бар. Азық-түлік бар. Бәрі өтіп жатыр. Кетіп жатыр. Ал ақша беріп жатқан ата-ана жоқ.

Бұл жағдайды Білім басқармасы да растап отыр. Бүгінгі таңда шаһардағы 101 жекеменшік мектепте 26 мыңнан астам бала оқиды. Оның 20 мыңына ыстық тамақ беріледі. Биыл мектеп оқушыларына ас-ауқат беру үшін қазынадан 1 миллиардтан теңгеден астам қаржы бөлінген. Тамаққа ақша төлеу мәселесін оңтайлы шешу үшін енді жаңа жүйе енгізілмек.

Гүлнәр Дәрібаева, Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жақын арада бұл мәселе шешімін табады. Мемлекеттік деңгейде «Цифрлы әмиян» жобасы іске қосылғалы тұр. Сол жобаның аясында бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу