Президент Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен барды

26.02.2024

Елімізде машина жасау саласына тың серпін беру қажет. Сондықтан инженерлерді даярлау үшін еліміздің тағы бірнеше өңірінде арнайы шеберханалар ашылмақ. Бұл туралы Президент шырайлы Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары кезінде айтты. Әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ең ірі индустриалды-аграрлық аймағы. 700 мыңнан астам тұрғыны бар. Оның 400 мыңы облыс орталығы –  Өскеменде тұрады. Өндірісі өркендеген өңірдің тыныс тіршілігімен танысу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа арнайы келді.

Қала халқы үшін негізгі проблемалардың бірі – экология. Өйткені мұнда өндіріс орындары көп. Тіпті, кәсіпорындар қаланың ортасында орналасқан. Содан болар онкология дерті өршіп барады. Қазір 14 мың адам тіркеуде тұр. Жыл сайын 2,5 мың жаңа науқас тіркеледі. Өсім 7 пайыз. Сондықтан қатерлі ісікпен күреске көп көңіл бөлініп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін Президент алдымен Сәулелік терапия және диагностика орталығына келді.

Бұл орталық облыстық онкология және хирургия ауруханасының жанынан ашылған. Жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялы қондырғылар қойылған. Ал дәрігерлері Германия, Италия мен Израильдің жетекші клиникаларында біліктіліктерін арттырды. Осының бәрі ауруды ерте кезден анықтап, өлім санын азайтуға мүмкіндік берді.

Гүлмира Сағидолла, облыстық онкология және хирургия орталығының директоры:

Пациенттерімізге басқа жаққа барып емделудің қажеті жоқ. Бізде бәрі бар. Осында жылына 3 мыңнан астам операция жасалады. Тіпті, бізге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп ем алған азаматтар бар. Дәл қазір Моңғолиядан келген науқас ем алып жүр. Яғни, медициналық туризмді дамытуға да әлеуетіміз бар.

Қазір обыр дерті жүрек-қан тамырлары ауруынан кейін екінші орында тұр. Сондықтан осындай заманауи орталықтарды ел бойынша ашу керек деді президент. Әрі дәрігерлермен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі.

Ал бұл атақты «Өскемен титан-магний комбинаты». Кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі. Комбинат өнімін Airbus, Boeing, General Electric сияқты алпауыт компаниялар алады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Зауыттан титан осылай шығарылады. Мынаның бәрі дайын өнім. Бұлар тек экспортқа бағытталған. Алдағы күндері Америка, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай секілді дамыған елдерге тасымалданады. Тағы бір маңыздысы осы комбинаттан шыққан титанның әлем бойынша үлесі аэроғарыш саласында 20 пайыздай.

Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика мен медицина салаларында да кеңінен қолданылады. Бір ғана мысал, үлкен Boeing ұшағының сыртын қаптау үшін 2 миллион болт қажет. Ол осы титаннан жасалады. Кәсіпорын алдағы уақытта сомасы 207 миллиард болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл өндірісті арттырып, өнімді түрлендіруге мүмкіндік бермек.

Бұл өте жақсы кәсіпорын. Қарасам озық технология бар екен мына жерде. Сондықтан Қазақстан үшін еліміз үшін осындай кәсіпорын өте қажет. Сондықтан баршаңызға аманшылық тілеймін.

Шығыс Қазақстан аграрлық салада да табысты. Бұған президент барған «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының қосқан үлесі зор. Мұнда күнбағыс, соя мен бидай сорттарын сұрыптайды. Жаңа тұқым алады. Тіпті өнімі отандық шаруалардың арасында ғана емес, Ресейде де сұранысқа ие. Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табысын оң бағалап, мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне таратуды тапсырды.

Президент Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне де барды. Былтыр мұнда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Лу Бань» шеберханасы ашылған. Ол екі зертханадан тұрады. Бірінде студенттер автомобильдердің смарт технологияларын меңгереді. Яғни жасанды интеллект арқылы көлік жүргізу мен түрлі қауіпсіздік жүйелерін жасау жағын үйренеді.

Бұл жерде арнайы интерфейстің көмегімен жылдамдықты артырғанға, жүргізушінің жай күйін бақылауға арналған құрылғы. Бірден сигнал береді. Бақылауда ұстап отырады. Жолақты сақтауға. Яғни көлікті басқарудың негіздерімен танысады студенттер.

Ал екінші зертханада жігіттер қытайлық электр көліктерін құрауды, оның қалай жасалатынын толық меңгеріп жатыр.

Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы шығыс қазақстан техникалық университетінің ректоры:

Студенттерге сабақ беру үшін біздің мамандар былтыр бір ай Тянзинь кәсіптік институтында өздерінің біліктілігін жоғарлатты. Қазіргі таңда біздің мұғалімдер студенттерге сабақ беріп жатыр. Және жоспарда осы жылдың жаз айларында қайтадан сонда барып оқуын жалғастырады.

Қазір электр көлік нарығын Қытай жаулап жатыр. Тіпті шығарылатын машиналардың жартысы осы елге тиесілі. Біз де көштен қалмауымыз керек. Сондықтан қытай технологиясын елімізге әкеліп, «Лу Бань» шеберханасын елімізде ашу туралы бастаманы былтыр мемлекет басшысы Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде көтерген болатын.

Досжан Маратұлы, тілші:

Яғни осы орталықта отандық машина жасау саласы үшін білікті кадрлар дайындалады. Олардың алдағы уақытта Алматыда ашылатын қытай көлектерін құрастыру зауытында жұмыс істеуіне мүмкіндіктері бар. Ал осы машина жасау саласын дамыту үшін мемлекет басшысы «Лу Бань» секілді шеберханаларды еліміздің өзге өңірлерінде де ашуды тапсырды.


Хабарламаларға жазылу