Қазақстан су тұтыну көлемі жағынан әлем бойынша 11-орында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан су тұтыну көлемі жағынан әлем бойынша 11-орында тұр

25.02.2024

Су. Бұл да Президенттің су үнемдеу тапсырмасынан шығып отырған материал. «Машина жууға ауызсу пайдалануды доғару керек» деп, мысал келтірген. Дегенмен техникалық су бар ма? Оны жеткізу жолдары қандай?

Су үнемдеуге орай табылып жатқан технологиялар неге бізде енгізілмейді? Ұтымды пайдалану жолдары да. Мысалы, қар көп жауады. Оны пайдалану жолы жоқ.

Экологиялық мәдениет мәселесі, ол бар. Тіс тазалағанда суды сарылдатып ағызып қоймауды қашан үйренеміз? Үнемнің ар жағында болашаққа алаңдау тұр. Немерелеріміз су тапшылығын сезінсе, ана жақта біз қалай жатамыз?..

Серік Жұмабек техникалық су жеткізу жолын, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалана аламыз ба, зерттеп көрді. Қысқаша аңдатпа:

2017 жылы ғалым, биотехнолог Әмір Қуат су үнемдеу технологиясын ойлап тапқан. Жеңіл машинаның іші-сыртын 7-8 литр сумен жуып шығуға болатын дейді.

Сол кездегі қала әкімі Әсет Исекешевке жобаны егжей-тегжей түсіндірген. Вокзал ғимаратын жуып көрсеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұ л- қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Соңғы жылдары су тапшылығы болуы мүмкін деген болжам жиі айтылып жүр. Былтыр ғана Мемлекет басшысы осы бағытта бірқатар тапсырма берген. Араға 6 ай салып жауапты министрлік жаңа су кодексін дайындады. 1993 жылы қабылданған заң 2003 және 2013 жылдары жаңартылған еді. Бірақ «тағы бір мәрте толықтырулар мен түзетулер енгізілген жаңа құжатта жаңашылдық жоқ»,- дейді депутаттар.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Су кодексін басында экологиялық кодекстің талаптарына сай қоғамдық тыңдаулардан өткізуі тиіс еді. Бірақ министрлік экологиялық тыңдауларды өткізген де жоқ, халықпен санасқан да жоқ, халықтан жасырып, қажет десең депутаттардан да жасырып ең соңында бізге әкеп тұр.

Қазір Мәжіліс талқысында жатқан жаңа құжаттың қашан мақұлданатыны және тағы қандай өзгеріс енетіні белгісіз. Бір анығы жаңа заң қабылданса жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға су үнемдеу технологиясын пайдалану міндеттелмек. Оған нақты 7 жыл мерзім бекітілген.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Су кодексін қабылдаған соң бір өтпелі кезең болады, 2 жыл деп отырмыз. Сол 2 жылдың ішінде барлық кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер міндетті түрде суды қайта пайдалану құрал-жабдықтарды орнату мәселесін, оның жоспарын өткізу керек. Сонан кейін 5 жылдың ішінде оны міндетті түрде орындау.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы, құрлыс компаниясын қалай міндеттейді? Құрылыс компаниясы айтады «Егер міндеттесең мен онда әр квартираның бағасын көтеріп жіберем»,- дейді. Себебі, құрылыс компаниясы бостан бос анау суды үнемдеу технологиясын енгізбейді ғой. Екі ортада кім зардап шегеді, қарапайым халық зардап шегеді.

Иә, баға өсуі мүмкін. Бірақ «біздің елде бағаны көтеруге негіз болатын су үнемдейтін технология бар ма?» деген сұрақ туындайды. Өткенде ғана Президент көлік жуу орындарының таза ауызсуды пайдаланатынын айтқан. Яғни, техникалық суды қолдану деген түсінік жоқ.

 Аллаберген Қонарбаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:

Біздің Ақтау қаласында білесіздер жаз мезгілінде су тапшы болады. Тіпті, водовозбен су тасымалдайтын кезеңдер де болады, төменгі жоғарғы микрорайондарда. Ал, Ақтау қаласындағы жаңағы біз тексерген 7 автожуу кешендерінің барлығы да таза ауызсуды пайдаланып отыр екен. Мониторинг барысында біз анықтағанымыздай бір авто кешен күніне 6-7 куб суды пайдаланады екен. Бір кешеннің өзінде 10-15 автомойкалар бар. Сонда есептеңіз бір күнде 60-70 тоннаға дейін су кетіп жатыр.

Кәсіпкерлер егер қолданылған суды екінші мәрте қайта тазартатын техника болса, неге пайдаланбасқа деп отыр. Ондай технология болмағасын, таза сумен көлік жууға мәжбүр.

Аягөз Есқалиева, көлік жуу орталығының иесі:

Біз осы көліктерді ауыз сумен жуамыз. Өйткені, бізге келіп тұрған осы ауыз су. Егер бізге жергілікті акимат басқа су көзін тауып берсе, біз оны пайдаланамыз әрине. Мүмкін, ол бізге тиімдірек болады, мүмкін арзанырақ шығады.

2017 жылы ғалым, биотехнолог Әмір Қуат су үнемдейтін әрі экологиялық таза жылжымалы көлік жуу технологиясын ойлап тапқан. Жеңіл машинаның іші-сыртын 7-8 литр сумен толықтай жуып шығуға болады. Сол кездегі қала әкімі Әсет Исекешевке жаңа жобаны егжей-тегжей түсіндірген. Бірақ..

Әмір Қуат, ғалым, биотехнолог:

Қалай жасайды, не істейді бәрін көздерін жеткіздік. Соның бәрін өткізгеннен кейін олар согласование жіберді. Өкінішке орай қоршаған орта басқармасының басшысы отрицательный согласование жасап бөгет қойып тастады. Соның кесірінен біз шетелдікке технологияны сатып жіберуге мәжбүр болдық. Германияға сатып жібердік. Германия, Германиядан Кореяға, Кореядан дүниежүзіне таратып жатыр ғой қазір

Серік Жұмабек, тілші:

Ғалым Әмір Қуат өзі ойлап тапқан су үнемдеу технологиясының арқасында Астанадағы дәл осы темір жол бекетінің сыртын 100 литрге жетер- жетпес сумен жуып шыққанын айтады. Сол кездегі жауапты мекеме өкілдері де мұны өз көзімен көрген. Бірақ жоба бәрібір қолдау таппаған.

Өндірістік мақсатта қолданылатын суды үнемдеу мәселесі жаңа технологияға тікелей байланысты екенін түсіндік. Ал, елдегі тұщы судың 65 пайызын пайдаланатын ауыл шаруашылығы саласындағы тіршілік нәрін қалай үнемдейміз? Оған өңірлік инфрақұрылымдар дайын б ?

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауыл шаруашылығына пайдаланатын судың 50 пайызын біз жоғалтамыз. 50 пайызы нақты діттеген жеріне, диқандарға дейін жетпейді. Өйткені, жолдағы гидротехникалық нысандардың барлығы тозған. Министрдің мәліметі бойынша 1500- дей гидротехникалық нысандар бар соның жартысына жуығына күрделі жөндеу жасау керек.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

30 жыл бойы су саласында бүкіл инфрақұрылымының барлығы тозып кеткен. Пайдаланған суды қайта айналымға жіберуге мүмкіндік жоқ. Нақты бір аймақтарда оны енгізуге болады. Бірақ жалпы Қазақстанда оны енгізе алмайсыз. Себебі, қалалар оған дайын емес.

Сарапшылар Қазақстан бір келі бидай өсіру үшін 6000 литр, Қырғызстан 2700, Қытай 840, ал Өзбекстан 759 литр су жұмсайтынын айтады. Яғни, біздегі тұтыну деңгейі шектен еселеп асқан. Қазір елдегі суармалы жерлердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Бірақ, оның өнімі жақсы болғанмен, шығыны да аз емес дейді шаруалар.

Құрманғали Тұрымбетов, шаруа:

Былай айтқанда 1 гектарға 15000 теңге соляркаға кетіп қалып жатыр. Ал, арықпен суарсаңыз бір жылдық салығы 6000 теңге. Жаңбырлатып суарғанда бір судың өзіне 25000 теңгеге дейін жұмсалады. Бірақ су аз кезде амал жоқ соны пайдаланамыз.

Тамшылатып суаратын заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа мен Қытайда жасалады. Оны сатып алуға барлық шаруаның жағдайы жетпейді. Дәстүрлі әдіспен суарайын десе арық-тоғандар тозған. Ендігі үміт, су қоймаларында. Ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы мен 313 тоған бар. Олардың 22-нің нақты иесі жоқ болса, көпшілігі жекешеленіп кетк н.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы үшін судың бөгеттері бар. 304 бөген бар деп есеп берді. Соның 71 пайызы, 216-сы жай ғана апаттық жағдайда дабыл қағу қондырғыларымен жабдықталмаған.

2024-2026 жылдар аралығында үкімет жаңадан 20 бөген салып, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Енді қардың көптігін өзіңіз көріп отырсыз, судан тапшылық болмауға тиіс.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Барлық су қоймаларын толтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Су қоймаларын толтыру пайызы былтырғы жылмен салыстырғанда көп. 5 пайыздан 17 пайызға дейін.

Елдегі су қорының 40% астамын құрайтын трансшекаралық өзендерге орай бір-ақ ауыз сөз айтуға болады: Кісідегінің кілті аспанда.

Асқарбай Белқожаев, шаруа:

Су деген өте жылдан жылға тапшы болып бара жатыр. Әсіресе, мына екінші өнім алар кезде. Жаздың шілде күндері су вообще азайып кетеді, жетіспейді су.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

Өзбекстанның беретін лимиті, көпшілік лимиті қазір су керек емес керек кезде береді бізге. Жазда нағыз су керек кезде лимиттен қысылады. Сол кезде бізде проблема туындайды. Біз мұндай кезде ауылды кезекке қоямыз суды.

Алдағы уақытта суды аз тұтынатын дақылдарды егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы министрі суды шектен тыс көп пайдаланатын шаруалардың берешегі қымбат тарифпен есептелетінін айтқан. Бірақ сарапшылар, мұны суды үнемдеудегі тиімді тәсілі деп санам йды.

Орденбек Мазбаев, география ғылымдарының докторы, профессор:

Тарифті көтеру біздің фермерлерге, шаруашылық саласындағы адамдарға өте үлкен кедергі жасайды. Техникалық су болатын болса оның бағасы басқаша, ауыз су болатын болса оның бағасы басқаша болу керек.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір әр тарифті өсіру үлкен әлеуметтік шиеленіске әкеп соқтыруы мүмкін. Себебі, бұл қалтадан ұрады. Тарифті өсірмей басқа жолмен үнемдеу қажет болса соны біз қолдануымыз керекпіз. Тарифті өсіру ең соңғы басқа амал болмаған жағдайларда қолданатын амал.

Серік Жұмабек, тілші:

Қазір Қазақстан су тұтыну көлемі жағынан әлем бойынша 11 орында тұр. Жан басына шаққанда әр адамға 3.5 мың литрден келеді. Бізге қарағанда Ресей, Германия, Ұлыбритания елдерінде су пайдалану мәдениеті әлдеқайда жақсырақ. Шамасы, мәселе судың аздығында емес, саналы түрде сауатты қолдана білуде сияқты. Қарапайым мысал: таңертең тіс тазалағанда суды сарылдатып ағызып қоймауды үйрене алмай жатырмыз.Бәрімізге майдай жағатын “Ұрпағыңмен мың жаса!”деген тілектің ішіне ұрпағымызға басқа қазыналармен қатар, су да жетуі керек деген ойды сыйғызу керектігін түсінеміз бе?

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу