Жамбыл облысында оқушылар дәлізде оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында оқушылар дәлізде оқуға мәжбүр

24.02.2024

Сыныпқа сыймаған соң, дәлізде сабақ оқиды. Жамбыл облысында жыл сайын 20-ға жуық білім нысаны жөнделгенімен, үш ауысымды мектеп саны азаяр емес. Мәселен, Меркі ауданында екі мектеп 2 мыңға жуық оқушысына орын таппай, оларды дәліз бойындағы санитарлық талапқа сай емес бөлмелерде оқытуға мәжбүр. Бүгінде Жамбыл облысында 4 мектеп үш ауысымда білім береді. Соның бірі - Меркі ауданы, Ойтал ауылындағы №48 мектеп. Екі қабатты шағын нысан 300 балаға арналған. Бірақ мұнда 4 ауылдан қатынап, мыңнан аса бала оқиды. Сынып жетіспегендіктен 2 жыл бұрын қосымша бөлмелерді қолдан жасаған.

Ерзат Серікұлы,мектептің шаруашылық меңгерушісі:

Мына кабинетіміз бұрын дәліз болатын. Көріп отырсыздар ғой оқу парталары тақтаға жабысып тұр. Ал санитарлық талап бойынша тақтадан былай 2 метр қашықтықта болу керек.

Дәлізден бөлек директордың үш орынбасары да өз кабинеттерін балаларға босатып берген. Мектептегі жалпы 33 сыныптың жапсарлас салынған жетеуі талапқай сай болмай тұр. Екі сынып үшін бір ғана есік бар. Ал еңбек пәніне арналған арнайы сынып атымен жоқ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына шағын бөлме 21 шаршы метр. Осыдан үш жыл бұрын дәліз болған десек, бүгінде бастауыш сыныптар білім алатын бөлме. Оқушылар сыныптарға симағандықтан осындай аядай бөлмелерді амалдауға тура келеді.

Мәселені шешу үшін мектеп жанынан 200 орындық қосымша нысан құрылысы жүріп жатыр. Биыл тамызда бітуі тиіс.

Берік Ахметбеков, №48 орта мектеп директоры:

Егер бітпей қалған жағдайда мемлекеттік аттестацияға осы 2024 жылы түсіп қалатын жағдай болса онда біз аттестациялаудан өтпей қалу қаупі бар.

Андас батыр ауылындағы 20-шы мектептің жағдайы да осындай. Биыл 150 орындық қосалқы құрылыс салу арқылы өз шешімін таппақ. Мұндағы шенеуніктер үш ауысымды мектептердің болуы - аудандағы демографиялық дамудың белгісі деп санайды.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

№44-ші мектеп те қазір үш ауысымға көшу қаупі бар. Жобалап отырмыз Меркі ауылында да орын тапшылығы болады деп. Сондықтан қазірден бастап Меркі ауылында 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысын жоспарлап отырмыз.

Ал білім басқармасы биыл өңірде 19 мектеп пайдалануға берілетіндіктен үш ауысым мүлде болмайды деп сендірді. Айта кетейік, былтыр еліміз бойынша 165 білім ошағы ашылып, 29 үш ауысымды мектептің мәселесі шешімін тапты.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу