Былтыр Наурыз мерекесінде сән-салтанатпен ашылған Шымкент қаласындағы этноауыл жылға жетпей бүлінді. Жүздеген киіз тігіліп, алтыбақан, садақ ату, күрес алаңа жасақталған ұлттық нақыштағы шағын ауылда қазір мұның бірі де жоқ. Ең сорақысы – инфрақұрылым желілері тартылған бұл жер жекенің меншігінде болып шықты.
Былтыр тап осы жерде 2,5 мың литр көже таратылып, ұлттық спорттың 11 аталымы бойынша сайыс өткен болатын. Оны 20 мыңға тарта адам қызықтаған еді. 200-ге тарта киіз тігілген этноауыл қазір көшкен елдің жұртынан да беттер. Қаз-қатар қойылған алтыбақан мен ағаш қоршау атымен жоқ. Балуандар белдесетін бозкілем мен садықшылардың нысана көздеу орнын да таппайсың. Тек бір кездегі жарықшамдардың үзілген сымдары ғана жатыр.
Мақсат Елібай, қоғам белсендісі:
Бізді алаңдатқаны осы жерге жұмсалған миллиардттың үстіндегі қаржы қайда кетті? 365 күн бізге қызмет етеді деген сөздері қайда әкімдіктің. Арыз да жазып жатырмыз үкіметке, әкімшілікке де айтып жатырмыз. Үндеу жолдап жатырмыз. Сонда да қимыл жоқ.
Ұлт мәдениеті мен тарихын тереңінен таныстыруды мақсат еткен этонауылдың қазір затын түгендейтін ешкім болмай тұр. Дене шынықтыру мен спорт және мәденет басқармалары нысанды меншігімізге алмағанбыз деп ат-тонын ала қашты.
Мынау этноауылдың үлкен сахнасы. Жоба бойынша мұнда жыл он екі ай аптаның сенбісі мен жексенбісінде ұлттық ойын ойналып, салт-дәстүр дәріптелуі керек еді. Алайда қазір ағаштары бетоннан ажырап, билбордттары бүлініп, бір шетте үйіліп жатыр.
Бас-аяғы бір жылдың ішінде аты ғана қалған этонауылдың тіпті, жері де әкімдіктікі болмай шықты. Наурыз тойын өткізіп болған соң жергілікті билік 14 гектар жерді мемлекет мұқтаждығына алу туралы өткен жылдың шілде айында қаулы шығарған. Алайда биылғы қаңтарда ол ойынан айнып, жер қажет емес деген шешім қабылдапты.
Алмас Қамбаров, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
Мемлекет мұқтаждығына алудың өзіндік рәсімдері бар. Соны сақтай отырып, бағалау жүргізілуі керек. Алайда ол жер учаскелеріне бағалау жүргізу ұсынылған жоқ. Тиісінше мемлекеттік мұқтаждыққа алу туралы қаулы күшін жойды. Сондықтан тоқтады.
Әзірге этонауылды жасақтауға қайдан және қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз. Жергілікті биліктің айтуынша, оған негізінен демеушілер қарайласқан. Енді бұл мәселенің анық-қанығын қоғамдық кеңес мүшелері тексеруге кірісті.