Отандық ғалымдар африкалық сап індетіне қарсы вакцина ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық ғалымдар африкалық сап індетіне қарсы вакцина ойлап тапты

21.02.2024

Отандық ғалымдар африкалық сап індетіне қарсы вакцина ойлап тапты. Екпені мамандар Қарағанды облысындағы карантин жарияланған ауылдарда малға салып, сынап көрмек.

Естеріңізге сала кетейік, жылқылар жаппай індетке шалдыққан төрт ауылда қатаң шектеу шаралары енгізілді. Толығырақ тілішміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Африкалық сап, немесе эпизоотиялық лимфангит деп аталатын ауруға қарсы вакцина Отардағы биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында жасалды. Бүгінгі күні қауіпті кесел Қарағанды облысында 4 елді мекенде анықталып, қатаң шектеу шаралары енгізілді. Мамандардың айтуынша, денесін ірің жайлаған жылқылар жүріп-тұрудан қалған. Былтыр мамыр айында Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылында қылқұйрықтылар қырылып қалған болатын. Зертханалық тексеруден соң оның «Африкалық сап» екені расталды. Кейін осы Үміткер ауылына қарасты Үлгі, Төрткөл бөлімшелерінде және Қарқаралы ауданына қарасты Ынталы ауылында мал ауруы тіркелді. Әлі күнге дейін емі жоқ індетке қарсы жасалған тұңғыш вакцина осы ауылдарға бірер күнде жеткізілмек.

Ержан Бекетбаев, облыстық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы:

Отар ғылыми-зерттеу институтының биологиялық проблемалар бойынша институтынан вакцина шығарылған. Ол зертханалық жай-күйде тексеріліп бүгінгі күнде дайын. Енді осы вакцинаны осы мынау практикалық түрде жаңағы карантин қойылған аумақтың сау малдарына егу жүргізуге дайынбыз. Мынау ауа-райына байланысты келе алмай отыр. Келесі аптада күн жылынады. Сол кезде бастаймыз.

Қазір барлық 4 елді мекенде карантиндік шаралар күшейтілген. Жылқы малын сою, еті мен сүтін саудалауға, тұтынуға тыйым салынған. Ауырған 185 бас мал анықталып, көзі жойылды. Тағы 10-нан астамы оқшауланған. Заңға сәйкес, жойылған малдың құны төленеді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу