Мәжілісте зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы мақұлданды

21.02.2024

Тұрмыстық құқық бұзушылық, зорлық зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды Президент тапсырған еді. Мемлекет басшысы жыл басында берген сұхбатында да бұл мәселеге айрықша тоқталды. «Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес­тің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр». - деген еді. Президент тапсырмалары бірте бірте орындалып жатыр. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат бүгін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды. Заңда қандай жаңашылдық бар? Отбасында шу шығаратындарға қандай жаза қолданылуы мүмкін? Жиынға қатысқан әріптесім Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

Жаңа заң жобасы бойынша біреудің денсаулығына зиян келтірген кез келген адамға жаза күшейеді. Бұл істер әкімшіліктен қылмыстық кодекске көшіріліп жатыр. Ал, іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкері, әлеуметтік желідегі, ақпарат құралдарындағы дәлелді негізге ала отырып, тергеуді бастап кетеді.

Асхат Аймағамбетов ҚР, Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заң жобасы әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға ғана бағытталды деуге келмейді. Бұл жерде кез келген ер адамдардың, жалпы Қазақстан азаматтарының мәселесі қаралып отыр. Біреудің денсаулығына зиян келтірген, ұрып соққандарға қатысты енді қылмыстық іс қозғалады.

Заң жобасында отбасында жанжал шығарып, әйел-баласын ұрып-соғатындарды тәртіпке салу текіктері де қамтылған. Тіпті агрессор өз отбасынан 1 айға бөлектеліп, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін байланысуына тыйым салынуы мүмкін. Ал жәбірленушілерге әр өңірде құрылатын отбасын қолдау орталықтары жан жақты көмек көрсетуі тиіс.

Жұлдыз Сүлейменова, Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде әкенің сұсы деген бар. Яғни баласының болашағын ойлаған әке де балаға «так-так» деп айтуы мүмкін. Бірақ егер оны біз отбаслық зорлық зомбылық деп қылмыстық құқық бұзушылық деп танитын болсақ ұсынылған норма бойынша онда ата-ана мен тек қана баласының арасындағы татуластықты бермеу қажет деген де ойлар айтылып жатыр. Жеке өзімнің пікірім, жалпы мына баласының болашағын ойлаған ата-ананың «так-тагымен» басқа мына ұрып соғуға байланысты мәселені әлде де ара-жігін қарастыруымыз қажет.

Жаңа құжатта балалардың қауіпсіздігі мен құқығына ерекше назар аударылған. Бүлдіршіндерге арналған жабық лагерлер, балалар үйі кез келген уақытта ескертусіз тексерілмек. Тіпті 14 жасқа дейінгі балалардың көшеде қараусыз қалмауы да қарастырылған.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Үлкен қалаларда, әсіресе қыс мезгілінде балаларды автобустан түсіріп кету жағдайлары бар. Ол кішкентай бала. Кейде қаржысы жетпей қалуы да мүмкін. Бұның артында үлкен салдарлар болуы мүмкін. Баланың тоңып қалуы, басқа да, қараңғы кезде басқа да қауіп қатерлерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан осы мәселелердің алдын алу мақсатында осындай норма енгізіліп отыр.

Дегенмен, бұл заңды арқаланып, қала ішілік автобустарда күн сайын тегін жүру де мүмкін болмайды.

Игорь Лепеха. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Біз автобус жүргізушісін немесе кондукторды жауапқа тартамыз. Ал егер ата-анасы осы заңды арқаланып, баласын күнде ақшасыз жіберетін болса керісінше, ата анасына жазалануы мүмкін.

Ал кәмілет жасына толмаған балаларды зорлағандар, өлтіргендер өмір бойы түрмеге тоғытылады. Суицидты насихаттағандар мен өзіне қол жұмсауға итермелегендер үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Заң жобасы ең әуелі азаматтарымыздың құқығын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Яғни, қылмыс жасағандарды жауапқа тартумен шектелмей қылмыстың алдын алуға бағытталуы керек. Сондықтан бүгін бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға дейін тағы да өзгеріске ұшырайтын болды.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу