Қазақстан-Татарстан: мәдени һәм экономикалық байланыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Татарстан: мәдени һәм экономикалық байланыс

21.02.2024

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстананнан Татарстанға 72 млн АҚШ долларының тауары экспортталған. Ал, импорт көлемі 431 млн доллардан асқан. Экономистер бұл бағытта тепе-теңдікке қол жеткізу керек дейді. Яғни бауырлас елге экспорт көлемін арттыру қажет. Жалпы, екі елдің арасындағы қарым-қатынас жылдар бойы қалай өрбіді? Статегиялық серіктестіктің болашағы қандай?. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес сабақтайды.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында өзінің сыртқы саясатымен, экономикалық даму қарқынымен ерекшеленеді. Жуырда ғана Германияның беделді «Ғылым және саясат қоры» ғылыми-талдау орталығы елімізді «Орта державалар» қатарына енгізді. Десе де бізде тауар өндіріп, оны сыртқа экспорттау бәсең. Мысалы, көршіміз әрі бауырлас мемлекет Татарстанға былтыр елден 72 млн АҚШ долларының тауары сатылған. Ал, кері сатып алынған тауар құны 431 млн доллардан асқан.

Мақсат Сералы, экономист:

Тауар экспорттау бойынша, технолигиялармен алмасу, мұнай өндіру саласында жаңа технологияларды қолдану мәселелері, одан кейін ішкі нарыққа, біздің тауар өндірушілерге Татарстанды жаңа нарық ретінде қарап тауар экспорттау мүмкіншіліктерін қарастыруымыз керек деп ойлаймын.

Сарапшылардың пікірінше алдағы уақытта екі ел арасындағы жан-жақты байланыстар нығая түспек. Айта кету керек, Қазақстан мен Татарстан арасындағы алғашқы келісім сонау 1996 жылы жасалған. Сол жылы бауырлас мемлекеттердің үкіметтері арасында сауда-саттық, ғылыми-техникалық және мәдени салада әріптестік орнады. Ал, тарихқа көз жүгіртсек еларалық ынтымақ әлдеқайда ерте басталған. Тарихшылар оны екі кезеңге бөліп қарастырады.

Ерлан Сайлаубай, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:

Бірінші аспектісі бұл – саяси, әлеуметтік, экономикалық бағыттағы байланыстар деп тұжырымдауға болады. Бұл XVIII ғасырдың 30 жылдарынан бастап сол XIX ғасырдың 20 жылдарына дейін. XIX ғасырдың 20 жылдарынан бастап діни және ағартушылық аспектіге қарай ойысты.

Сол жылдары 200-ге жуық қазақ баласы медреселерде білім алды. Олар онда дінді ғана емес, жаралатыстану, дәлдік ғылымдарды оқыған.

XIX ғасырдың аяғына қарай қазақтың «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Қобыланды» сынды қисса, дастандары да Қазан қаласында басылып шыққан. Ал, XX ғасырдың басында Мәшһүр Жүсіптің еңбектері, Мағжанның тұңғыш өлеңдер жинағы да осы қалада жарияланды. Осы жылдары Қазан университетінде 90-ға тарта қазақ баласы білім алған. Тіпті, алғашқы қазақ гезетінің шығуына да татар бауырлар ат салысқан, дейді әдебиет саласының мамандары.

Қайырбек Кеменгер, Л.Н. Гумилев атындағы еұу қазақ әдебиеті кафедрасының меңгергушісі:

Қазан университетінің құрылтайшыларының бірі өзіміздің әйгілі Жәңгір хан. Алаш қайраткерлерінің бірқатары Қазан университетінде оқыған, білім алған. 05:16 Тіпті татардың «Ульфат» газеті Петерборда жарық көрді. Сол «Ульфат» газетімен қатар қазақтың «Серке» газеті жарық көрді 1906 жылы. Қазақ ұлттық баспасөзінің басы «Серкеден» басталады.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 200-мыңға жуық татар ұлты тұрып жатыр. Бұл саны жағынан орыс, өзбек және укараиндардан кейінгі ең көп ұлт.

Хабарламаларға жазылу