Түркияда топырақ көшкінінен кейін жоғалған 9 адам әлі табылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда топырақ көшкінінен кейін жоғалған 9 адам әлі табылмады

19.02.2024

Түркияның Ерзинжан аймағындағы алтын кенішінде болған топырақ көшкінінен кейін жоғалып кеткен 9 жұмыскер әлі табылған жоқ. Апат болған алты күннен бері оқиға орнында 50-ден аса экскаватор мен 3000-дай адам іздеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Күніне бір мың көлік топырақ шығарылуда. «Алайда 940 гектар жерге жайылған бес млн текше метр топырақты аршып, астында қалған адамды табу оңай емес», - дейді мамандар. Апатқа байланысты алтын кенішінде жұмыс істейтін 8 адам қамауға алынып, оның алтауы тұтқындалды. Халық арасында «алтын өндіру барысында қолданылған цианид апат кезінде маңайдағы өзендерге ағып кеткен» деген алып-қашпа әңгіме тараған болатын. Мамандар бұл қауесетті жоққа шығарды.

Алпарслан Байрактар, Түркияның энергия және табиғи ресурстар министрі:

Күн сайын мамандар 9 түрлі жерден су алып, оны 3 зертханаға жібереді. Бүгінге дейінгі жасалған зерттеулерде судан ешқандай зиянды заттар табылмады. Сондай-ақ, жер асты суларының да апатқа дейінгі және апаттан кейінгі құрамы салыстырылғанда ешқандай өзгеріс байқалмады. Яғни, бұл маңайдағы сулардың құрамында ауыр металдар жоқ.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу