Теміртаулық металлургтер әулетінің жалпы еңбек өтілі 150 жылға жуықтаған. Бергтер отбасының 3 өкілі қазір комбинатта жұмыс істеп жүр. Ерекше еңбек әулетімен тілшіміз Руслан Нұрланұлы өндіріс басында жолығып қайтты.
Ардагер металлург Александр Берг бүгін өзі талай жыл еңбек еткен металлургиялық комбинатқа келді. Ол 1956-шы жылы зауыт табалдырығын аттаған. Мұндағы қайнаған өндірісті, болаттай берік төзім мен еңбекққорлықты қажет ететін жұмысты қария бес саусағындай біледі.
Александр Берг, ардагер металлург:
Мен алғаш жұмысты электр маманының шәкірті ретінде бастадым. Ол кезде жұмыс істеп жүріп, кешкі уақытта ҚарМет комбинатқа қарасты техникумда оқитынмын. Сол кезде-ақ металлургиялық мамандықты таңдағам. Сол таңдауыма еш өкінген емеспін.
Бергтер әулетінің өмір жолы комбинат тарихымен біте қайнасқан. Металлург мамандығын ұрпақтар сабақтастығымен әдемі жалғастырып келе жатқан шаңырақтан қазір зауытта Александр Бергтің екі ұлы мен келіні еңбе етіп жүр. Алексей мен Андрейді әкелері бала кезде өндіріс басына жиі әкеліп тұрыпты. Кейін олар әкеге қарап бой түзеген. Қазір Алексей – металлды мырыштау цехының басшысы.
Алексей Берг, металлургиялық комбинаттың цех басшысы:
Зауытқа келген соң әкемізді ұятқа қалдырмауды ойладық. Елмен бірге еңбек етіп, жылдар бойына көп тәжірибе жинадық. Металлург – бұл оңай мамандық емес. Қиындығына төзіп, білмегеніңді үйрене білсең ғана, нағыз металлург боласың.
Комбинатқа 30 жылға жуық еңбегі сіңген ағайындылар үздік жұмысшы ретінде марапаттарға ие болған. Комбинаттың барлық цехында жұмыс істеп, өндірісті бес саусағындай меңгерген Андрей қазір болат құю департаментінің басшысы.
Андрей Берг, Металлургиялық комбитнаттың болат балқыту департаментінің директоры:
Біз мамандықты өзіміз таңдадық. Әкеміз балқыту цехтарына емес, жұмысы жеңілірек сортты прокат цехтарына қарай барыңдар деген. Бірақ біз нағыз металлургтің жолын таңдадық. Бұл әкеден дарыған еңбекқорлық қасиетіміз болар.
Мәртебелі металлург мамандығына бек адал Бергтер отбасы сынды комбинатта қазір 300-ден астам еңбек әулеттері жұмыс істейді. Мұның өзі Теміртаудың өндіріс негізінде құрылған қала екенін білдіреді. Құрышты қаланың еңбекқор тұрғындары осылайша ел экономикасына еселеп үлес қосып жүр.