Елімізде 14 аймақта республикалық маңызы бар жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 14 аймақта республикалық маңызы бар жолдар жабылды

15.02.2024

Түнде ауа райы тұтас ел бойынша күрт құбылды. Шығыста боран соғып, Солтүстікте сары аяз сақылдай бастады. Салдарынан күре жолдарда көлік қозғалысы күрмеліп, құтқарушылар күшейтілген кестеге көшті. Қыс мезгілі әлі екі аптадан аса уақытым бар деп, мінезін көрсетіп тұрғандай.

Таң алагеуімде шананың табыла қалғанын қараңызшы?! Дәрігерлер науқасты алып барады. Себебі, омбы қарды көлік кесіп өте алмаған. Сөйтіп, Қызылжар ауданының дәрігерлері 56 жастағы азаматқа көмек көрсетті.

Ал Шығыс Қазақстан облысында кешеден бері қарлы дауыл соғып тұр. Өскемен-Тарғын-Самар жолында қарға қамалып қалған 30 адам, Өскемен-Алматы бағытында 13 жолаушы құтқарылды. Олардың ішінде аяғы ауыр әйел, 2 қарт адам мен 1 бала да бар.

Абай облысында полиция 500 автокөліктен тұратын автоколоннаны алып жүрді. Полицейлер жүргізушілерге көмектесіп, оларға ыстық шай ұсынған. Кейде көңіл де адамды жылытады. Сондай-ақ, Моңғолияның азаматтары эвакуацияланды. Қалбатау ауылынан шыға берісте спортшылары бар шағын автобус тоқтап қалған. 13 адам, оның ішінде 11 бала бар автокөлікті жылыту пунктіне құтқарушылар жеткізген.

Жалпы, бүгін таңғы сағат 7-ден еліміздегі 14 аймақта республикалық маңызы бар жолдың 36 бағытында қозғалысқа шектеу қойылған. Еліміздің бірнеше аймағында және Астанада 9-сыныпқа дейінгі балалар қашықтан, онлайн оқуға көшті.

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу