Атырау облысының шаруалары субсидияға қол жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының шаруалары субсидияға қол жеткізе алмай отыр

14.02.2024

Атырау облысы Құрманғазы ауданының шаруалары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау аз емес. Алайда осынау игіліктен құрманғазылық малшылар тыс қалып келеді. 

Бержан Кенжебаев 33 жылдан бері ет өнімдерін шығарумен айналысып келеді. Фабрикада күніне екі тонна мал еті өңделіп, 21 түрлі өнім тұтынушыларға жөнелтіледі. Субсидия мәселесі жұмысты тежеп тұр. Өйткені белгіленген қағидаға сәйкес ауылдық жерлерде 2 тоннадан артық өнім өндіруге болмайды. Ал бұл өз кезегінде шаруаға қолбайлау болып отыр.

Бержан Кенжебаев, Шаруа қожалығының жетекшісі:

10 тонна күніге сойылатын ет комбинаттар ауылға салынбайды да, ол рентабельно болып шығады ғой ертең. Мынау ауылдарда салынған 2 тонналық ет комбинаттарды іліктірейік субсидияға деп ұсыныс беріп отырмын.

Ал Алға аулының тұрғыны Есболат Құбашев осыдан 7 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет асыл тұқымды ірі қара малын қолдан ұрықтандыруды жүзеге асырған. Шаруашылықта мыңға тарта ақбас сиыр бар. Алдағы уақытта селекциялық асылдандыру жұмыстарын жалғастырмақ ниетте. Бірақ жер тапшы.

Есболат Құбашев, Шаруа қожалығының жетекшісі:

Жетіспей тұрған жер көп, 5000 га жер жетіспейді. Малдың саны өскен сайын жер сұралады ғой енді.

Аудан бойынша 633 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басы да жыл санап өсіп келеді. Өткен жылы 171 қожалыққа 671 млн 951 мың теңге субсидия төленген.

Нұрлыбек Төлепов, Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Облыстық бюджетке болжам ретінде салынады. Мал өсіміне байланысты қаражат бөлінеді. Содан қаражат игеріліп кеткен жағдайда қалған резервтегі өтінімдер ешқайсы қараусыз қалмайды. Барлығы қаралады. Ақша кейін бөлінеді. 2024 жылы бұйырса алынады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет екенін айтқан болатын. Қазірдің өзінде ауданда 100-ден астам шаруашылық субсидия кезегінде тұр. Өтінімдер әлі де түсіп жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу