Қазақстан күзде киік атуға қайта рұқсат береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан күзде киік атуға қайта рұқсат береді

13.02.2024

Қазақстан алдағы күзде дала жануарын атуға қайта рұқсат етпек. Бұл туралы Өзбекстанның Самарқан қаласында өтіп жатқан Жабайы жануарларды сақтау конвенциясының кезекті отырысында экология және табиғи ресурстар вице-министрі айтты. Толығырақ жиынға қатысқан тілшіміздің материалында.

Әу баста 336 мың жануарды ату жоспарланған. Алайда күн райы қолайсыздық танытып, батыс аймақта ет өңдеу кәсіпорындарының қуаты шектеулі болғандықтан ол қысқарып, 41 мыңдай бөкен нысанаға ілікті дейді шенеунік. Бұл елдегі жалпы киіктің 2 пайызына жетер жетпес. Мұнан бөлек, 4 мыңдай киік мүйізі тәркіленген.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

Нақты есеп жоқ. Тек алынған мүйіздердің саны бар. 4 мыңдай киік мүйізі тәркіленді. Оны екіге бөлсек, шамамен 2 мың бас киік. Яғни браконьерлер атқан ақбөкен саны осынша. Бұл тек құзырлы органдар таратқан мәлімет. Ұсталмаған фактілер де болуы ықтимал.

Вице-министр алдағы күзде ақбөкенді аулауға қайта рұқсат берілетінін айтты. Қанша киіктің атылатыны кейінірек белгілі болмақ. Егер киік санын реттеп отырмасақ, ауыл шаруашылығы жерлеріне, тиісінше фермерлерге шығын келеді», - деп түсіндірді Нұркен Шәрбиев. Самарқанда өтіп жатқан конференция барысында киіктердің миграциясы жайы да талқыланды.

Халилолла Шерімбетов, Өзбекстан республикасы экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

Сайғақтарды қорғау бойынша Қазақстанмен арада жасалған келісім бар, ол 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Құжатқа сай түз жануарлары мекен ететін аумақтарды сақтап, олардың еркін көшіп жүруіне мейлінше жағдай жасауға тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыс жыл сайын жанданып келеді.

Бүгінде Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекарада 600 гектар аумақ қарастырылған. Ол жердегі қоршаулар алынып, бөкендер күзде сол елдерге қарай көшеді. Өзбекстандық сарапшылардың айтуынша, соңғы кездері киік миграциясы азайған. Жануарлардың үнемі қоныс аударатын аумақтарында теміржол салынғандықтан бөкендер елсіз жапан далаға көбірек ойысып жатыр


Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу