Елордада бір тәулікте 250-ден астам жөл-көлік оқиғасы тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада бір тәулікте 250-ден астам жөл-көлік оқиғасы тіркелді

09.02.2024

Елордада тәулік ішінде 250-ден аса жол апаты тіркелген. Осыған орай кешелі-бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан жол сақшылары көлік жүргізушілеріне үндеу жасады. "Қолайсыз ауа-райы кезінде, елді мекендерден шықпауға, қала сыртына сапарламауға шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қауіп-қатерден сақтаңыз, - дейді. Ауа райының құбылмалы болуына орай бірқатар шектеулер енгізілді. Тілшіміз тарқатады.

Полиция департаменті Астанада бір тәулікте 250-ден астам жөл-көлік оқиғасы тіркелді деп дабыл қақты. Соның бірі кешегі қатты боранда көшенің қақ ортасында аударылып қалған мына бір жеңіл көлік. Зардап шеккендер жоқ.

№23 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері де өқарап қалған жоқ. Олар қар құрсауында қалған 4 жеңіл автокөлікті жол жиегіне шығарып, жүргізушілерге қол ұшын созды. Қарыс қадам көрінбейтін боранда астаналық құтқарушылар көмекке алғашқылардың бірі болып жетуде.

Сондай-ақ, бүгін түнде елордалық құтқарушылар 37 апталық жүкті әйелді аман-есен қалалық ауруханаға жеткізді. Астанадан 160 шақырым жердегі Шалқар ауылында тұратын келіншек қазір дәрігерлердің бақылауында.

ҚАТТЫ БОРАННАН УНИВЕРСИТЕТ ҒИМАРАТЫНЫҢ ШАТЫРЫ ҰШЫП КЕТТІ

Елордалық оқушылар екі күннен бері онлайн оқып жатыр. Сол сияқты Сәкен Сейфуллин атындағы жоғарғы оқу орнының студенттері де бүгін қашықтықтан оқуға көшті. Оқу ғимаратының шатыры қираған. Бір ғасыр бұрын салынған нысанның төбесі қазір ашық. Кеше боранның екпіні қатты болғаны сонша ауданы 150 шаршы метр болатын шатыр желге ұшып кеткен. Қазір университет ғимаратының төбесін бұзу және жедел жөндеу мәселесі бойынша комиссия құрылған.

Қазір елордада барлық қызметтер табиғи жағдайға байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалалық ауруханадағы жарақат бөліміне мұзға тайып мертіккен 70-тен аса адам түскен. «Қазгидромет» орталығы мен Төтенше жағдайлар министрлігі республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталатынын ескертеді. Мамандар алыс жолға шықпауға кеңес береді.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу