СҚО-да ауылға жабайы қабандар кіріп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ауылға жабайы қабандар кіріп кетті

07.02.2024

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылына бір топ қабан кіріп кетті. Тұрғындар жабайы доңыздарды ұялы телефонға түсіріп алған. Мамандар олардың елдімекенге келуін қолайсыз ауа райымен байланыстырып отыр. Биыл қар қалың болғандықтан, жабайы жануарлар азық таппай, ауылдарды жағалауы үйреншікті жағдайға айналған. Санақ бойынша өңірде 3 мың қабан тіркелген. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан облысында қасқыр бар деген ақпарат желдей есіп жүр. Бірақ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері мәліметті растаған жоқ.

Олег Беспалов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім жетекшісі:

Былтыр ақпан-наурыз айларында жабайы жануарлардың есебін жүргіздік. Қасқыр тіркелген жоқ. Көршілес Ресей, Қостанай және Ақмола облыстарында түз тағысы бар. Олар бізге келуі мүмкін. Орманда жыртқыштарға қорек жеткілікті, сондықтан адамдарға айтарлықтай қауіп жоқ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу