Зорлық-зомбылық туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зорлық-зомбылық туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына алынды

31.01.2024

Педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа заң жобасы таныстырылды. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжатта, біреуді ұрып соққандар, денсаулығына зиян келтіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Мұндай жағдайда жәбірленушінің арыздануы да міндетті емес. Құқық қорғау органының қызметкері фактінің болғанына көз жеткізсе өз бетінше іс қозғай береді. Көптен бері қоғам талқысында жүрген заң жобасында тағы бірнеше жаңашылдық бар. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы тарқатсын.

Бұл Қарағандыда жуырда болған оқиға. Шақыртуға келген жедел жәрдем жүргізушісін өзге тұрғын соққының астына алған. Заң бұзған адам әлі іздестіріліп жатыр. Бүгін мәжілісте жаңа құжатты таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов тура осындай жағдайларда қылмыстық жаза өзгелерге қарағанда ауыр болатынын айтты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер өзінің жақындарын ұрып-соғу фактілері болса әлде ол қызметін істеу барысында мысалы жаңағы жедел жәрдемнің кейсі сияқты осындай фактілер болса онда санкция одан сайын қатая түседі. Біздің ойымызша бұл өте маңызды. Өйткені әсіресе дәрігерлерге қатысты, басқа да қызметкерлерге қатысты өзінің жанұясындағы азаматтарға қатысты осындай ұрып соғу фактілері көбейіп кетті.

Заң жобасында әсіресе балалардың құқығына ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, педофилдердің жымысқы әрекеті дәлелденсе бір ғана жаза қолданылады: өмір бойға бас бостандығынан айыру. Одан жеңіл жаза болмайды. Балаларды өлтіргендерге де тура осы жауапкершілік қарастырылған. Ал заң мамандары құжат бекігеннен кейін оның орындалуына да ерекше мән беру керек деп отыр.

Айман Омарова, адвокат:

Соттан істер қайтып келіп жатыр. Содан кейін оларды соттамайды. Әр түрлі істер бар. Бұның бәрі қоғамға зиян көрсетіп жатыр. Ол балалардың барлығы кейін өседі. Ол балалардың барлығы азамат болады. Олар бізді ешқашан да кешірмейді. Себебі әсіресе психикасына өте жаман әсер етеді. Кейбіреуі психикалық ақаулы болып қалады.

Суицидті насихаттаған немесе әлеуметтік желі арқылы өз өзіне қол жұмсауға үгіттегендер де қылмыстық жаза тартылмақ. Бұл "көк кит", "жүгір немесе өл" деген сияқты «қауіпті ойынды» ұйымдастыратындарды тәртіпке салу амалы. (ГЕО: АСТАНА) Құжат парламенттің қарауына бүгін енді. Қабылданғанға дейін депуттатардың ұсынысымен әлі де өзгеруі мүмкін.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу