Алматыда жер сілкінісінен кейін сәулетшілер құрылыс кодексін қайта қарауды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жер сілкінісінен кейін сәулетшілер құрылыс кодексін қайта қарауды ұсынды

31.01.2024

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қаладағы құрылыс нысандарының беріктігіне тұрғындар да, сала мамандары да алаңдай бастады.

Мәселен, Сәулетшілер одағы мен сәулет-қала құрылысы қоғамдастығының мүшелері мегаполистің қауіпсіздігі қыл үстінде тұр деген тұжырымға келіп, арнайы брифинг өткізді. Айтуларынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген «Құрылыс кодексінің» жобасы шикі. Сондықтан құжатты дәл осы күйінде қабылдауға жол бермеу керек деп отыр. Сарапшылар, әсіресе тұрғын үйдің биіктігін 7 қабаттан асырмау, тектоникалық жарылымдар бар жерлерге нысанды тұрғызуда сақтық шараларына аса мән беру керек деп отыр.

Ғабит Садырбаев, ҚР Сәулетшілер одағының вице-президенті:

Үйлердің орналасуы қалай? Олардың кеңістігі мен арақашықтығы қандай? Одақ кезіндегі нормативтер дәл айтылған. Мәселен, 4 қабатты болатын мекенжайда, ықшам аудан болсын, ол жерге 5400 шаршы метр пәтерлер орналасуы керек. Қазіргі заңда басқаша. Яғни, бір жер учаскесіне жартысына салуға болады, жартысын қалдыру керек дейді. Оның биіктігі, тығыздығы, қанша адам болады, ол айтылмаған.

Десе де, министрлік «Құрылыс кодексінің» жобасы уақыт талабы мен саланың қажеттіліктеріне сәйкес келеді,- дейді. Сондай-ақ, жауапты министрлік енді құрылыс компанияларының «егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы» Бас жоспарға сай жасалуы қатаң қадағаланатынын жеткізді.

Ерлан Құлышев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаментінің басқарма басшысы:

Иә, уақыт жағынан асығыстық болған шығар. Бірақ өзгерістер міндетті түрде болады. Қазір құжат Мәжілістің қарауында. Яғни, кодекс қабылданғаннан кейін заңнамалық актілер қабылданады. Сол кезде көптеген түзетулер енгізілмек. Ал Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі 20 жылдан бері көтеріліп келеді. Әдетте құрылыс компаниясы салып жатқан нысанға қатысты әкімдіктен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын мақұлдауын сұрайды, әрі қарай ол сараптамадан өтіп кетеді. Ал тұрғызылып қойған үйді сүру оңай шаруа емес. Енді осы айдан бастап әрбір нысанның «егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы» арнайы сараптамадан өтеді әрі Бас жоспарға сәйкестігі қатаң тексеріледі.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу