Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң қатаңдатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң қатаңдатылады

28.01.2024

Апта басында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан. Бірнеше тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң қатаңдатылады. «Елімізде күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды» деген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның мәліметі өте-мөте алаңдататын дерек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе.

Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша назар аударды: Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек.

Осы тұста мына оқиғаны баяндай кетсек:

Маңғыстауда бір топ жасөспірім мүгедектігі бар жеткіншекті ұрып, есінен тандырып кеткен. Көшеде досымен бірге келе жатқан Мейрамбек Рақымбердіге 10-нан астам бала жабылған. Салдарынан 14-гі жасөспірім ауруханаға түскен. Мейрамбектің анасының айтуынша, олар ұлын осымен екінші рет ұрып кеткен. Былтыр сәуір айында жабылғанда жеткіншек 5 күн ес-түссіз жатып, аман қалыпты. Ал сол оқиғадан кейін 9 ай өтсе де, кінәлілер жазаланбаған.

Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде есірткі проблемасына Президент кезекті рет тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет.

Жанасатын болғасын мына жаңалыққа тоқтала кетсек- Парламент Мәжілісі вейптерді өндіру, тасу және таратуға тыйым салатын заңды Сенатқа жіберді. Кейінірек материал жасаймыз. Қазір тоқталатын бір мәселе бар. Вейпке қарсы тынымсыз күрескен қоғам белсендісі Баян Ахатай «Вейпке тыйым салынса қара нарық өркен жаяды» деген бірден туатын сауалға фейсбуктегі парағында былай деп жазды.

«Қара нарық қазір қаптап жүр. Нарықта рұқсат етілгенін пайдаланып акцизді вейптердің ар жағында контрабанда көбірек сатылады. Соңғы жылдары кеденнен жалған кодтармен өткен 10 млн дана вейп тәркіленгені соның дәлелі, бұл тәркіленгені… Тыйым салынса кеденнен өтпеуін бақылау елімізде үйлер, мектеп маңы орналасқан мыңдаған дүңгіршектердегі балалардың көз жауын алған вейп сатылымын бақылаудан әлдеқайда тиімдірек».


Хабарламаларға жазылу