Зейнеттен кейінгі өмір: Астанадағы зейнеткерлердің 15 пайызы жалғыз тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнеттен кейінгі өмір: Астанадағы зейнеткерлердің 15 пайызы жалғыз тұрады

28.01.2024

Былтыр Біртұтас зейнетақы жинақтайтын қордан 591,3 млрд теңге төлем жасалған. Ай сайынғы орташа төлем 32 мың 202 теңге, ең көбі 747 692 теңге екен. Қаңтардың біріне дейін салымшылардың есепшоттарында 17,9 трлн теңге жиналған. Бүгін зейнетке шыққаннан кейінгі өмір туралы айтпақпыз. Бұл негізінен қалалық зейнеткерлерге қатысты әңгіме. Өкінішке қарай, зейнетке шығу көп жағдайда төрт қабырғаға қамалып жату, түрлі көңілсіз ойларға көмілу, ауру дендеу... Өзінің де, өзгенің де «Басқа не қалды?» деп ойлауы. Әрине, зейнетақы мөлшері маңызды. Өте. Дегенмен қарт кісілер баратын түрлі үйірмесі бар орталықтарды көптеп ашу – зейнеткердің сергек жүруіне, «ешкімге керек емеспін» демеуіне ықпалдасады. Себебі той-томалаққа, қонаққа күнде шақырмайды. Әрі ондай шаралар «қанат бітірмейді». Әрі «қонақтан қонаққа» дейтіндей, барлық зейнеткердің туысқаны көп емес шығар.

Шетелдік зейнеткерлер сияқты саяхаттап жүруге мүмкіндіктері жоқ деп өкінбес едік, егер жалпы көзқарас дұрыс болса. Қайырымды қоғам балаға да, анаға да, қарт кісіге де, тұтас бәріне, демек өзіне өзі қайырымды. Иә, «Ал балалары қайда қарайды?» деген сұрақ сап етеді. «...бала бер, бала берсең сана бер...» деген тілеу осы жерге келіңкірей ме? Серік Жұмабектің материалы.

Серікгүл Сәли, Психолог:

Әрбір қарияның ішінде осындай сөз бар: «Мені ешкім түсінбейді».

Кенжеболат Сапарұлы, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

Бүкіл организмі еңбекке үйреніп қалған адамға үйде отырып қалу ол да проблема.

Күләнда Аллажарқызы, Зейнеткер:

Зейнетақым 70000 теңге. Бірақ, 700000- ды да жеткізбейтін адам бар. 70000-ды да жеткізетін адам бар.

Түймеқыз Меңдешқызы, Зейнеткер:

Ой мен зейнеткермін, демалып үйде жатайын, ол дұрыс емес. Ауру сені баса береді.

Жангелді Шымшықов, Экономист:

Біздегі зейнеткерлердің күнін ешкімге бермесін.

Зейнеткерді зер салып тыңдасаң, бәрінде ортақ бір сұрақ бар. «Мен қоғамға керекпін бе?»,- деген сауал. Ашық айтпайды. Ойын тұспалдап, мысал келтіруге тырысады. Тыңдап отырып өзіңді кінәлі сезінесің...

Кенжеболат Сапарұлы, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

Кейбіреулер айтады зейнетке жеттің бе, зейнетақыңды ал да тыныш отыр, ешкімге кедергі болма деп. 40-50 жыл қызмет істеп зейнетке шыққаннан кейін бір сәтке ешкімге керек жоқ адам боп қалды. Ол кісілерге ол травма, ол трагедия.

Түймеқыз Меңдешқызы, Зейнеткер:

Зейнетке шыққаннан кейін адам ойлайды, бүгіннен бастап еш жерде керек емеспін, жата бересің, ешқандай ой келмейді. О дүниеге дайындалып отырған сияқты боласың ғой. Олай жарамайды.

Қарттық өмір қажет кезінде қалап алатын бұйым емес. Ер мен әйелге ортақ өзгермейтін заңдылық. Бірақ, соған қарамастан адамдар зейнетке шығуды үлкен күйзеліспен қабылдап, психологиялық қысымға ұшырайтын көрінеді. Әсіресе, ер азаматтар...

Серікгүл Сәли, Психолог:

Зейнетке шыққаннан кейінгі әйел мен еркектің психологиялық күйінде үлкен өзгеріс орнайды. Зейнеттік өмірді ер адамдар өте ауыр сүреді, оған дайын емес. Сондықтан да зейнетке келмей ерте өмірден өтіп кететіні де сол. Ал, әйел адамдарда құндылық жұмыс арқылы, әлеумет арқылы емес, ол кісілерде отбасы арқылы қалыптасады. Сол себепті ол кісілер зейнеттен кейін де өмірді қалай жалғастыру бейнелі түрде бір картинкамен жалғасып тұрады.

Әлеуметтанушылар зейнеткерлік өмірге қатысты жағымсыз көзқарастың қалыптасуын «аяқты көтеріп тастап жатқаннан басқа не істейсің»,-деп түсінетін орынсыз ойдың салдары дейді. Яғни, белсенді өмірді бір сәтте тәркі ету.

Исатай Мінуаров, Әлеуметтанушы:

Қазақстандық зейнеткерлердің проблемасы ол зейнет жасына шыққан кезде физикалық мүмкіндіктерінің шектелуі, яғни белсенділігінің күрт төмендеуі.

Қазақстан әлем бойынша белсенді қартаю индексінде 15 орында. Көш басында Батыс елдері тұр. Ондағы экономикалық әлеуетті есепке алсақ, әңгіме ақшаға келіп тірелетіндей. Сол үшін де, біздегі зейнеткерлер зейнеттен кейін де жұмыс істеуге мәжбүр. Қайраты тасығаннан емес, қаржысы жетпегеннен...

Бауыржан Ысқақов, Экономист:

Бізде мынадай бір тенденция бар, көптеген азаматтар зейнеткерлікке шықсада қосымша жұмыс жасай береді. Яғни, мен толыққанды мемлекеттің беріп отырған зейнетақысымен өмір сүрем дейтін азаматтардың саны өте аз.

БҰҰ- ның әлемдік рейтингінде егде жастағы азаматтар саны бойынша Қазақстан 93-ші орында. Яғни, 20 МЛН халықтың 8.04% қарттар. Қазір елімізде 2 млн 344 мың зейнеткер бар. Жыл сайын 120-130 мың адам еңбек демалысына шығады. Оның тең жартысы әйелдер. Зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңге. Бірақ, ол да күнкөрістен аспайды.

Кенжеболат Сапарұлы, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

Егерде 150 000 алсақ 3 рет айына супермаркетке барып тамақ алуыма жетеді. Тамақ алуыма, киінуіме емес.

Түймеқыз Меңдешқызы, Зейнеткер:

2014 жылы мен зейнеткер болдым, пенсияға шықтым. Сонда мен по вазрасту жазып, стажымды санамай 28 500 бен шықтым. Тәубә! Қосылып- қосылып міне осы айда 102000 алдым. Мен соған шүкір деп отырмын.

Жангелді Шымшықов, Экономист:

Біздің пайымдауымызша кем дегенде жарты млн алу керек зейнетақы. Сонда ғана ол негізгі мәселелері мен қатар жинақтауды да, қыдыруды да, серуендеуді де бәрін қамти алады.

Кенжеболат Сапарұлы, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

Үкіметке біз масылмыз. Үкіметке зейнеткерлердің саны аз болғаны дұрыс. Олардың тезірек кеткені дұрыс. Өйткені қанша МЛРД ақша сол зейнетақыға кетіп жатыр.

Сонымен бірге БЖЗҚ ақша аударуды міндеттеудің қажеті қанша?! Әр адам өзі үшін жинамай ма деген пікір де жоқ емес. Бірақ, бұл мүмкін емес, дейді сарапшылар.

Бауыржан Ысқақов, Экономист:

Өз тізгінін өз қолына беретін болсақ біздегі қаржылық сауаттылықтың төмендігі бар, даңғазалық бар, ысырапшылдық бар өзіміздің қаражатымызды біз әрі кеткен кезде бір-екі жылдың көлемінде ақ басына су құйып жібереміз. Сол үшін де мемлекеттің бақылауында болу керек. Ол бір қорда жинақталу керек, бұл әлемдік тәжірибе.

«Барға қанағат, жоққа сабыр» дегеннен басқа амал жоқ. Қазіргі зейнетақымен ел аралап, шетел көру мүмкін еместігіне көз жетті. Оның үстіне, әулетіңе ақыл айтып, бата беріп отыратын жаста ауыл арасындағы той-томалақ та жетеді дейтін «шүкір» де бар.

Түймеқыз Меңдешқызы, Зейнеткер:

Ел-жұрт айтады ғой шетелге шығу керек, мен оны қолдамаймын. Өйткені, біз қазақпыз. Біз шетелге шығып, шорти киіп олай жүре алмаймыз. Кейбіреулер айтады немере күтеміз дейді. Немере күту керек, қарау керек. Ол кезде бала баланы өсірді. Қазір бала баланы өсірмейді ғой. Сондықтан біз оларға керекпіз.

Ресми дерекке қарасақ, Астанадағы зейнеткерлердің 15 пайызы жалғыз тұрады. Көбі әйелдер. Балалары бар, бірақ бірге тұруға құлықсыз. Қатары сиреп қамкөңіл болған қариялар үшін қаланың 4 ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылған. Тегін. Күніне 1500 зейнеткер барады.

Күләнда Аллажарқызы,Зейнеткер:

Мында қарап жүрсем әйелдердің барлығы көңілді. Ешкім қабағын түйіп отырған жоқ автобустағыдай. Мұнда жарқырап, жайнап жүр барлығы.

Өкініштісі, мұндай орталық барлық қалада жоқ. Қайтпек керек? Жан-жағына мейірім шуағын шашқан қарт кісіні көрсек, шіркін ертең мен де солай қартайсам деп ойлап үлгереміз. Зейнетақының көлемі әрине, өте маңызды. Алайда шындыққа тура қарасақ, оның көпшілік үшін жарты млн болмайтынын білеміз. Ал расында әдемі қартайған адамдар аз емес. Бәлкім оның бір себебі саналы ұрпақ?

Жангелді Шымшықов, Экономист:

Кім бай дегенде, кімнің баласы көп сол бай деп есептелінеді. Өйткені, ертең өскен балалары әрқайсысы бір қап, бір арқан берседе әке-шешесін аспанға көтеріп тастайтыны түсінікті.

Мұхтар Еркетаев, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры:

Үлкен кісі әдемі киінгісі келеді, әдемі жүргісі келеді, арманын орындағысы келеді. Уақытында жұмысы болып, балалармен шыға алмады, арманы болды. Сол арманын жасауға себеп жасау керек.

Зейнетақысының аздығына қарамастан әлемді аралап жүргендердің бірі Кенжеболат Сапарұлы. Ұл-қызының арқасында шетелге ешқандай шығынсыз барып қайтады.

Кенжеболат Сапарұлы, Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

Менің балам қазір шетелде жұмыс істейді. Көбіне спонсорымыз сол болады. Папа, мама немерелеріңді көріп кетіңдер, билеттеріңді, жолақыларыңды бәрін өзім төлеймін, біздің үйде тұрасыңдар деп жылына екі рет Америкаға барып келеміз.

Исатай Мінуаров, Әлеуметтанушы:

Қазақ зейнеткерін тырнақшаның ішінде құтқарып тұрған не? Ол отбасы институты. Яғни, зейнет жасындағы ата- анасы бар жастар болсын, еңбекке қабылетті белсенді топтар өз мойнындағы жауапкершілікті сезіне білуі керек. Зейнеттегі әке-шешесіне қолдау көрсетіп дегендей. Біздің сол бір ерекшелігіміз, спецификамыз болса керек.

Серікгүл Сәли, Психолог:

Егер қарияларды құндылық ретінде қарап әспеттетіп отыратын болса, мынау поколониенің бәрі өзгереді, ұрпақтың бәрі. Сол себептен де қартты құндылық ретінде қарау керекпіз, ертең өзімді де осындай өмір күтіп тұр деген мақсатпен.

Серік Жұмабек, тілші:

Сарапшылар зейнеткерлік өмірді уайымсыз өткізудің тағы бір тамаша тәсілі, еңбекке қабілетті яғни жас кездегі өмір салтының саламатты әрі табысты болуында деп санайды. Бұл енді қазіргі жастарға құлаққағыс. Жалпы қарт кісілердің жәутеңдемей өмір сүруі қарттықты адам өмірінің соңы деп емес, бір бөлігі деп қарайтын көзқарастан басталса керек.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу