Шымкентте 6 тілде еркін сөйлейтін полицей тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 6 тілде еркін сөйлейтін полицей тұрады

22.01.2024

Шымкенттік Дина Есенгелдиева мемлекеттік тілден бөлек, тағы 5 тілде еркін сөйлейді. Жастайынан әлем тілдерін меңгеруге құмар болған бойжеткен бүгінде полиция сапында, туристерге қызмет көрсету тобының инспекторы болып еңбек етіп жүр.

Шетелдік турист Диананың көмегімен әп-сәтте баратын бағытын айқындап алды. Оңтүстіккореялық Сок Союн отбасымен кешеден бері Шымкент қаласының көрікті жерлерін қызықтап жүр.

Сок Союн, турист:

 Шымкент тарихы терең қала екен. Оның бәрін қызықтау үшін саяхаттап келген еліңде тіліңді түсінетін адамның болғаны қандай жақсы. Көп уақыт жоғалтпастан сапарымызды жалғастыратын болдық.

Қазақша, орысша, ағылшын, неміс, өзбек және түрікше. Диана күнделікті осылай 6 тілде туристерге қызмет көрсетеді. Оның тіл үйренуі мектеп қабырғасында басталған. Алғашында шет тілі сабағын немісше оқып бастаған, кейін ағылшын тобына ауысқан. Ал өзге тілдерде өз бетінше оқып үйреніпті.

Диана Есенгелдиева, полиция инспекторы:

Күнделікті 2-3 сағат уақыт бөлемін. Интернет желісінен ізденіп, кез келген бір сөз таныс болмай жатса іздеп тауып, өзіме белгілеп қоямын. Сол сөздерді күнделікті жаттап жүремін.

Бойжеткен жас кезінен-ақ әке жолын қуып, тәртіп сақшысы болуды мақсат еткен. Ал көп тіл білу оның жалықпай игеріп келе жатқан басты дағдысы. Осы арқылы кез келген жағдайда ұлты мен түріне қарамастан шетелдікпен еркін пікірлесе аламын дейді ол.

Диана Есенгелдиева, полиция инспекторы:

Менде, өзімде болып тұрады. Жаттаймын да тоқтап қалатын кездерім болады. Сол кезде өз-өзіңе мотивация беру керек. Сен оны жаттадың ғой неге алға ұмтылмайсың деп өз өзіңді алға дамыту керек. Сол кезде адам тілді иегер алады.

Диана осыдан үш жыл бұрын «Тіл шебері» республикалық байқауында жеңіпаз болды. Қазіргі таңда полиглот бойжеткен испан тілін үйреніп жүр.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу