Осы біз «мынша гектар жер қайтарылды» деген ақпарды жиі естиміз. Ал енді жерге мұқтаж адамдар азайды ма? Қайтарылған жерді қанша адам алды? Жалпы, жайылым жетпей отырған ауыл азаматтарының саны қанша? Олардың үміті бар ма, жоқ әлде «өз күнін өзі көруі тиіс адамдар» екі сиыр да ұстай алмай қалуы мүмкін бе? Себебі фермерлік тұрмақ, отбасын асырайтын аз ғана мал ұстау өте қиын жерлер аз емес. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың әлеуметтік желідегі жерге байланысты жазбаларына қарасақ, артындағы меңіреу тау «маған не дейсің» дегендей. Тақырыпты Серік Жұмабек қаузап көрді.
Қазақстан жайылымдық жер көлемі жағынан әлем бойынша бесінші орында тұр. Шамамен 184 млн гектар жайылым бар. Соған қарамастан еліміздің 15 облысында 5,5 млн гектар мал жаятын жер жетпейді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең сорақысы заңсыз кеткен жердің санын біз білмейміз. Жер ресурсын басқару комитеті, үкімет те білмейді. Ол мүмкін 10 млн емес, 20, мүмкін 50 млн гектар жер шығар оны білмейміз. Себебі, заңды белшесінен басып өзіне, туған туыстарына заңсыз ала берген жерді.
Заң демекші 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары бастаған. Нәтиже жаман емес. 10 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне өтті.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Маңғыстау облысында 3 млн 600 мың гектар жерді бір адам алып алған. БҚО-да 3 млн гектар жерді 2014-2021 жылдар аралығында заңсыз беріп тастаған. Ішінде 2 облыс әкімі бар, жүздеген аудан әкімдері бар. Кейбір жер иелері шектен шығып кеткені соншалық джиппен келеді де, адамдарды жалдап автоматпен қорқытады. Әр қайсысын біз тексереміз.
Тексереміз деп жүріп, қарулы күзетке жолыққандардың бірі мәжілісмен Мақсат Толықбай. Бәзбіреулер жерді қоршап, жолды жауып тастаған.
Аграрлық салада еңбек ететіндердің арасында заңды белшесінен басып, жең ішінен жалғасқан жемқорлыққа жиі баратындар көп көрінеді. «Жер аманаты» комиссиясының пайымы осындай. Яғни, жер дауының төңірегінде әділдікке негізделген ашықтық жетіспейді.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізге жер кадастрын ашық көрсетіңдер, әрбір ел көрсін қай жердің артында кім тұрғанын. Ол фамилияларды біз білуіміз керек. Осы мәселе бізде әлі күнге дейін жабық. Ешкім айтқылары келмейді. Өйткені, талай фамилияның шығатыны белгілі.
Өзіне тиесілі жерге қолы жетпей жүргендердің бірі Дихан Кәрішалов. СҚО, Шал ақын ауданының тұрғыны. 2021 жылдан бері жер үшін соттасып келеді. Әділдік іздеп Астанаға да келген.
Дихан Кәрішалов, СҚО, Шал ақын ауданының тұрғыны:
Мен сол 286 адамның атынан 4322 гектар жер үшін соттасып жүрмін. Сол ауылдың жері үшін соттасып жүрмін. Мен бірдеңе десем маған акиматтыкілер звондайды, КНБ звондайды, үйтпе-бүйтпе деп. Неге өйтпеймін мен, ол өзімнің жерім емес пе?
Ал Абай облысының Ақсуат ауданында былтыр шамамен 61604 гектар игерілмей жатқан жер мемлекет меншігіне өткен. Бірақ іргесіндегі Тана мырза ауылының тұрғындары әлі күнге мал жаятын жер таппай отыр.
Қарлыбек Ахмадиев, Абай облысы, Ақсуат ауданы, Тана Мырза ауылының тұрғыны:
Осы ауылда енді жүздің үстінде отбасы тұрады. Соның 70 пайызында шабындық жер жоқ. Жоқ дегенде анау Қарабұлаққа дейін 2 км жерге созып берсе бізге жайылымдық жер. Содан кейін ауылдағы адамдарға 10 гектардан шабындық жер берілсе.
Есен Манапов, Абай облысы, Ақсуат ауданы, Тана Мырза ауылының тұрғыны:
Міне ауылымыздың іргесінде шекара дейді жыраның ары жағында, одан әрі қарай аттап басуға болмайды. Оның бәрін баз салған ірі-ірі алпауыттар белгілеп, белгілеп алған мал жайылатын жер жоқ. Біз енді бара-бара малды да ұстай алмаймыз ба деп қорқам. Осы мал үшін отырмыз, мал жоқ болса біз мұнда не үшін отырамыз. Бізде кетеміз.
Өңір тұрғындары жайылымның жоқтығынан ауыл адамдары толықтай көшіп кете ме деп қорқады. Сол үшін де жерді әділетті түрде халыққа үлестіріп берсе дейді. Ал жауаптылар қазірдің өзінде 2,8 млн гектар жер жергілікті фермерлер мен өңір тұрғындарына қайта бөлінгенін алға тартады. Бірақ бұл жұмыстардың қаншалықты әділ өткеніне ешкім кепілдік бермейді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір мынау қайтып жатқан жерлердің ертең заңсыз кетпеуіне мен нақты кепілдік айта алмаймын.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Адами фактор бар жерде, ешқашан әділдік болады деп мен айта алмаймын. Сондықтан да жерді беру, жерді үлестіру электронды түрде өткені дұрыс. Біз IT саласында әлемде жақсы орындарға иеміз деп айтамыз. Бірақ дәл осы әділдікті қамтамассыз ететін мәселеге келген кезде біз бұғып қаламыз, қорқып қаламыз, үркіп қаламыз. Ал оның артында не жатыр. Демек, жеке адами фактормен өтіп кететін жеке мүдделер жатыр деген сөз.
Мәжіліс депутаттары «жер әкімдіктер арқылы емес электронды түрде, цифрлық тәртіппен берілуі тиіс, сонда ғана жемқорлық азайып, ашықтық болады»,- деп санайды. Ал, жер ресурстарын басқару комитеті қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің қай аудандарда орналасқанын «Jerkarta.gharysh.kz» интерактивті картасынан көруге болатынын айтады. Бірақ, ол сайтты ашу мүмкін болмады.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Цифрлық және электронды түрде жерді беруді ауылдық дәрежеде енгізу үшін біз интернет желісін енгізуіміз керек. Бағдат Мусин, ЦДМ-ге сұрақ, интернетті қашан енгізеді? Сондықтан да қазір ауылдық дәрежеде бұрынғы тәртіппен қағаз жүзінде жер беріледі, ал қалаларда электрондық тәртіппен жер беріліп отыр.
Ауылдық елді- мекендерді толықтай интернетпен қамту қашан аяқталатыны белгісіз. Сол үшін жер мәселесін шешуді облыстық деңгейде емес, өңірлік басқару механизміне ауыстыру керек деген пікір бар.
Айдарбек Тайниғазыұлы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, «Кадастр» кафедрасының аға оқытушысы:
Облыстық деңгейдегі жер ресурстарын басқару комитетінің құзыреттілігін аудандық деңгейге дейін жеткізуіміз керек. Себебі, аудан территориясында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қадағалау сол ауданның территориясында жүргізілу керек.
Келесі мәселе «Шаруалардың ала жаздай баққан малы мен еккен егінін күзде жақсы бағамен, уақытылы сата алмауы. Бұл да жерді тиімді игеруге айтарлықтай ықпал етеді»,- дейді мамандар. Оған Жетісу мен Алматы облыстарындағы диханшылардың далада қалған жүгері алқабы дәлел болады. Мамандар жалпы шығынды 5 млрд теңгеге бағалап отыр. Сондықтан алдымен қолда бар өнімді сату мәселесін мемлекеттік деңгейде үйлестіру қажет деп санайды.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Егер құрлыс саласында бұл пәтер болатын болса, ауыл шаруашылығында бұл сату, экспорттау. Шын мәнінде үлкен көлемде біздің отандық өнім сыртқа шығып, жақсы бағамен кетіп жатса, сонда ғана инвестиция ағылады. Сонда ғана аграрлық сала құрлыс саласы сияқты өте жоғары динамикаға ие болады.
Айдарбек Тайниғазыұлы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, «Кадастр» кафедрасының аға оқытушысы:
Кез-келген шаруа қожалығы болсын, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші болсын ең басты өзекті мәселе өндірген өнімін сату жағынан ұйымдастыру керек. Олар бастарын қатырмау керек. Өнімін мемлекет тарапынан қабылдап алу пункттерін ұйымдастырумыз керек.
Аграрлық саладағы кезек күттірмейтін келесі маңызды реформа жайылымдық жер туралы заңға енген өзгерістерді бекіту. Қазір Парламент қарауында жатыр. Егер сенаторлар мақұлдаса салада жаңа бетбұрыс болуы мүмкін.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жайылымдар туралы заң жоба аясында ең негізгі ұсыныстардың бірі басында мал саны кемінде 20 пайыз болу керек делінген. Бізоны 20 пайызды 50 пайызға дейін көтеріп жібердік. Біз жерді игерудің талаптарын күшейтіп отырмыз. Ол бір. Космомониторингті енгіздік. Енді жерді жәй инспектор анықтамайды космомониторингтің нәтижесінде анықталған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарамыз. Қазір бұл заң жобасы Сенатта қаларып жатыр. Әріптестеріміз осыны қолдайды деген ойдамыз.
Серік Жұмабек, тілші:
Заң жобасындағы өзгерісте жерді конкурс арқылы беру тәртібі алынып тасталмақ. Одан бөлек, орман қорының аумағында мал жаюға мүмкіндік беру мәселесі де қарастырылған. Ал, меншігіндегі жерді қоршаудың орнына айналдыра арық қазып тастайтындарға жауапкершілік күшейтілмек.
Бұдан бөлек, бұрын пайдалануға берілген жер 2 жыл ішінде игерілмеген жағдайда ғана қайтарылатын болса, бұдан былай бұл мерзім 1 жылға дейін қысқарған. Яғни, аталған мерзім ішінде жер бос жатса мемлекет қайтарып алуы да мүмкін.
Серік Жұмабек, тілші:
Қазір сот жүйесін түбегейлі өзгерту мақсатында сот реформасы және соттардың мәртебесі туралы заң жобасы мәжілісте қайта қаралып жатыр. Себебі, жауаптылар жерді әділетті түрде үлестіру мен оны тиімді пайдалану үшін алдымен сот төрелігі әділ болуы керек деп санайды.
Серік Жұмабек
